• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ұлттық арна Қатарда өтетін футболдан  әлем чемпионатын көрсетеді

    Бүгін «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы және «Qazsport»  телеарнасы футболдан Ресейде өткен әлем чемпионатының көрсетілімін қорытындылады.

    «Қазмедиа» орталығындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатына  «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ерлан Қарин мен  «Qazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин қатысты.

    Ерлан Қариннің атап өткеніндей, футболдан әлем чемпионаты бұл барлық футболсүйер қауым үшін спорт әлеміндегі  маңызды да, қуанышты оқиғалардың бірінен саналады. Өздеріңізге мәлім, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары футбол ойындарының барлық 64 матчын толығымен тікелей эфирде көрсетті.

    «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасынан ең көп қаралған матч Ресей мен Египет командалары арасындағы ойынның үлесі 47,4 пайыз, ал көрсеткіші 6,97 пайыз болды. Осы телеарнада көрсетілген Ресей мен Хорватия командаларының ойыны үздіктер  қатарына кіріп, 44.3 пайыз үлесі бойынша 7.32 пайыздық  рейтингтік көрсеткішке жетті. Ал ең төменгі рейтинг Швейцария мен Коста-Рика арасындағы матчтың үлесі  5,3 пайыз,  рейтингісі 0,58 пайыз ғана болды. Әрбір матчтың орташа аудиториясы шамамен жарты миллионға жуық көрерменді қамтыған. Ресей мен Хорватия ойыны ең көп қаралды. Бұл матчты LIVE режимінде 339 455 адам тамашалады. Ал Ресей мен Сауд Арабия ойынын 16 819 адам тамашалаған екен. Жағымды жаңалық, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы 2022 жылы Қатарда өтетін футболдан әлем чемпионатын  трансляциялау құқығына ие болды.

    Баспасөз мәслихатында «Qazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин футболдан әлем чемпионатының тікелей эфирдегі көрсетілімінің жоғары деңгейде өткізілгенін атап өтті. Мәселен,  7 шілдеде, «Qazsport» телеарнасы орташа тәуліктік үлес жағынан 18,3 пайызды көрсетіп, абсолютті рекорд жасаған. Арнаның рейтингі 1,6 пайыз болды. Ал Ресей мен Хорватия матчында барлық 6+ аудиториясымен 1 018 910 көрермен жинап рекорд жасалған.

    «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының тың ізденістерге қадам басқаны жасырын емес. Ол бойынша әлеуметтік желілерде жылы лебіздер айтылады. Бірақ, баспасөз мәслихатында спорт комментаторларына қатысты айтылған сын да болды. Бір әріптесіміз кейбір спорт комментаторларының хабар барысында «ауыл сөзін айтады» деген сыңайдағы пікірін айтты. Бұған қатысты «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ерлан Қарин былай деді: «Ауыл сөзі немесе қала сөзі деген ұғым жоқ. Қасиетті сөздің бәрімізге ортақ екенін жадымызда сақтағанымыз абзал. Ал спорт комментаторларының бірі ойындарды қажетті жерінде спорт терминдерімен түсіндірсе, ал екіншісі  оны көрермендер аудиториясына қарай, ойындарды көпшілікке мәлім сөзбен түсіндіреді».

    Басқарма төрағасы Е.Қарин трансляцияны жоғары деңгейде ұйымдастырып, ешқандай да қателіктерге жол бермегені үшін «Қазақстан» телерадиокорпорациясына ФИФА тарапынан Алғыс хат жолданғанын айтып өтті. Бұл әрине, Ұлттық арна мен «Қазспорт» арнасына берілген жоғары баға. Сондықтан баршамыз үшін осындай тікелей трансляциялардың маңызы өте зор.

     

    Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ,

    Астана қаласы

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *