Астанада Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлады Қазақстан футбол федерациясы.
Марат Талғатұлы қазақ футболының алдағы төрт жылдағы дамуы туралы баяндамасында негізгі стратегиялық бағыттарға тоқталып, еліміздегі футбол инфрақұрылымы мен жүйесін дамытудың бірнеше маңызды мәселелерін көтерді.
Өткен аптада УЕФА штаб-пәтеріне барып, ұйым басшысы Александер Чеферинмен кездестім. Оның қорытындысы бойынша Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының басшысымен келісімге келдік. Қазақстан футболы әлемдік футбол экожүйесі мен интеграция мәселесі бойынша халықаралық серіктестіктің толық қолдауына ие болады. УЕФА бірнеше рет еліміздің футболына реформа қажет екенін атап өтті. Біз серіктестікке толық дайынбыз, — деп атап өтті ҚФФ басшысы.
Марат Омаров ең алдымен балалар және жасөспірімдер футболын жаңғырту жолында еуропалық талаптарға сәйкес келетін сертификат алған академиялар жүйесін құру жоспарын мәлімдеді.
Аймақтық футбол мектептеріне әдістемелік қолдаудан бөлек, еуропалық талаптарға сай келетін сертификацияланған академиялардың жаңа жүйесін құруды жоспарлап отырмыз.
Қазірдің өзінде Kaspi Group компаниясымен футбол академиясының құрылысы туралы келісім бар. Оның орны әлі талқыланып жатыр. Астана, Алматы немесе жаңадан салынып жатқан Алатау қаласы болуы мүмкін. Қарағанды қаласында футбол академиясының құрылысы бойынша Freedom holding корпорациясымен келісім бар. Сондай-ақ Жамбыл облысында да академия салынады. Өйткені бұл өңір футбол таланттарының қазынасына айналған.
Осы бағыттағы жұмыстардың бірі – TAV Group компаниясымен серіктестік жөнінде келісімшартқа қол қойылды. Компания өз қаражатына Талғардағы ұлттық құрама базасында 5000 шаршы метр алаңда академия орталығы мен жатақхана салады. Бұл арқылы академиядағы 15-18 жас аралығындағы оқушылардың санын 150-200-ге дейін ұлғайта аламыз. Жас футболшылардың сапалы дайындау үшін қолайлы жағдай жасаймыз. Жобаны жүзеге асыруда халықаралық FIFA Forward 3.0 бағдарламасы бойынша қаржы тартып, құрылыс қарқынын арттырамыз.
Өңірлерде жабық ареналар салу үшін BI Group және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, арнайы концепция дайындаймыз.
Сонымен қатар футбол мектептерінің бапкерлері мен тәрбиеленушілері ағылшын дивизионында өнер көрсететін «Уиком Уондерерс» клубында тәжірибе алмасады. Бұл жоба бойынша Kaspi Group тобымен келісім жасалды, — деді Марат Омаров.
Бұқаралық футболды дамыту жұмыстары жалғасын табады. Оның ішінде студенттік футбол жаңа деңгейге шығарылмақ.
Тағы бір маңызды бағыт – студенттік футболды дамыту. Инфрақұрылымы және жарысқа қатысатын командасы бар университеттер арасында студенттер лигасының пилоттық жобасын іске қосамыз. Алғашқы кезеңде командалардың саны көп болмайды. Бұл жарыстың сапасын қамтамасыз етіп, трансляция ұйымдастыру және қоғам тарапынан қызығушылықты арттыру үшін жасалады.
Лига осы уақытта өтіп студенттік жарыстарды қайталамай, жоғары деңгейге шығуды көздейді. Өзге де жоғары оқу орындары үшін үлгі болады. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен кездесу өтіп, алғашқы келісімдерге қол жетті.
Әуесқой командалар арасында Аймақтар кубогының титулды демеушісі InDrive болады және 250 миллион теңге бөледі. Жарыстың жеңімпазы УЕФА Аймақтар кубогы халықаралық турниріне қатысады және ҚР Екінші лигасы мен Қазақстан Кубогына жолдама алады, — деді Марат Талғатұлы.
Сондай-ақ федерация президенті ұлттық құрамаларды дамыту жүйелі көзқарас пен ұзақ мерзімді шешімдерді қажет ететін басым бағыттардың бірі екенін айтты.
Ұлттық құрамалар департаментін басқару міндеті еліміздегі ең үздік мамандардың бірі Руслан Тахирұлы Балтиевке жүктелді. Онымен бірге Талғардағы Қазақстан ұлттық құрамасының базасын аралап, алғашқы міндеттерді айқындадық.
U17, U19 және U21 жастар құрамасында ойнайтын ойыншылардың нық базасын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені, олар алдағы жылдары ұлттық құраманың негізгі ойыншыларына айналады.
Сол себепті 15 жастан бастап дайындық жүйесінде нақты вертикаль құру өте маңызды. Ойыншылар қалыптасудың барлық кезеңінен өтіп, жоғары деңгейге жылдам бейімделуі қажет.
Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкері міндетін атқарушы қызметіне Әли Ханәлиұлы Әлиев тағайындалды. Оны барлығыңыз танисыздар. Халық та жақсы қабылдады. Ұлттық құрамада ойнады. Аймақтарда жұмыс істеу тәжірибесі өте көп. Ойыншыларды жақсы біледі әрі елімізде футболды дамыту мен оның нәтижесіне жанашыр адам. Әли Ханәлиұлының жұмысына толықтай қолдау көрсетеміз, — деді ол.
Марат Омаров футболды дамытудың басты жолдарының бірі инфрақұрылымды жақсарту екенін атап өтті. Осыған орай, жаңа толық көлемдегі футбол алаңдарын салу және қолданыстағы нысандарды жаңғырту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.
Федерация толық көлемді футбол алаңдарының санын ұлғайту, осы уақытқа дейін жарияланған стадиондардың, жабық манеждер мен футбол академиялардың құрылыстарын жүргізу, сонымен қатар спорт нысандарын жаңарту бағытында жергілікті атқару органдары және инвесторлармен бірлесе жұмыс атқарады.
«Алаң» бағдарламасы жалғасын табады. 2025 жылы 9 алаң пайдалануға беріледі. Олар Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында салынады.
Сонымен қатар Федерация Қызылорда, Семей және Астана (Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион) қалаларындағы стадиондардың құрылысы, Шымкент, Атырау және Қарағанды қалаларындағы жобаларды іске қосу бойынша кеңес беру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бүгінде Қазақстанда толық көлемді бір футбол алаңына жиырма алты мың адамнан келеді. Ал Англияда бұл көрсеткіш – бір жарым мың адам. Германияда – екі мың, Италияда – екі мың жарым. Ресейде – он екі мың жарым. Сандардың өздері-ақ айтып тұр, — деді федерация президенті.
Сонымен қатар, Марат Омаров футболдың сапасын арттырудың маңызды қадамдарының бірі төрешілер корпусын терең реформа жүргізу, оның құрамына жаңа төрешілерді дайындаумен қатар, қазіргі төрешілердің жұмысын жақсарту да кіретінін атап өтті.
Федерация төрешілер корпусының жұмысына толықтай реформа жүргізеді. УЕФА штаб-пәтеріне барған іссапарымда УЕФА төрешілер комитетінің жетекшісі Роберто Розеттимен келіссөздер жүргіздім. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстанға кеңесшілер тобы жіберіледі. Сонымен қатар Қазақстан футбол федерациясының Төрешілік департаментінің директоры қызметіне маман бойынша рекомендация беріледі.
Департаменттің жаңа басшысына төрешілердің жаңа буынын дайындау және төрешілер құрамын дамыту міндеттері қойылады. Сонымен қатар жас төрешілерді халықаралық стандарттарға үйрететін шетелдік мамандарды тартамыз. Тағы бір маңызды міндет – төрешілердің сапасын көтеріп, оларды халықаралық ойындарға шығару арқылы жаңа деңгейге жету.
Техникалық жағынан стадиондар жаңа VAR жүйесімен жабдықталады, инфрақұрылымдық нысандарда үздіксіз байланыс пен интернетті қамтамасыз ету үшін «Қазақтелеком» операторымен келісім жасалды, — деді Марат Омаров.
Қорытындылай келе, федерация басшысы жаңа маусымда Премьер-Лиганың құрылымында айтарлықтай өзгерістер жоспарланғанын, ол жақын арада жүзеге асырылатынын атап өтті.
Бұл бағытта әкімшілік шығындарды тиімді ету жұмыстары жүргізілді. Қажет емес бюрократиялық құрылымдар мен делдалдар алынып тасталды.
Осы уақытқа дейін Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы арасында жарысты ұйымдастыру бойынша келісімшарт болды. Алайда бұл ұйым тиімді жұмыс атқара алмады. Әсіресе қаржылық басқару және шығындардың ашықтығы көрсетілмеген.
Шығындарды оңтайландыру мақсатында жарыстарды ұйымдастыру дирекциясы құру шешімі қабылданды. Елімізде өтетін жарыстарды өткізу және ұйымдастыру бойынша негізгі міндеттерді атқарады. Қазақстан футбол федерациясының бұл құрылымы футбол клубтарының жарналарын тиімді жұмсалуын және ойындарды өткізуге бөлінетін шығындардың мақсатты пайдалануын нақты қадағалайды.
Қысқа мерзім ішінде дирекция қаражатты оңтайландыру арқылы футбол клубтарының жарнасын 10 пайыға төмендетті. Көпшілік үшін бұл айтарлықтай қолдау болды.
Биылдан бастап бәс тігу компанияларының атаулары Қазақстан Премьер-Лигасының атынан алынып тасталып, бірінші айналымға дейін чемпионат атаусыз жұмыс істейтін болады. Біз екінші жартыжылдықта жаңа титулдық демеушіні жариялаймыз, — деді ол.
Оның айтуынша, футбол клубтарынан логистика бойынша қаржылық жүктемелер, үйде өтетін ойындарда төрешілерді қабылдау және орналастыру міндеті алынды.
Логистика бағытында шығындарды реттеу үшін біздің серіктес болуға дайын Air Astana және Fly Arystan әуе компанияларымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Командалар мен төрешілердің ұшу шығындарына қолдау көрсетілмек. Бұл футбол клубтары мен Федерация үшін қаржылық жүктемені азайтады. Сонымен қатар барлық қатысушылар үшін жарысты ұйымдастыруды тиімді әрі қолайлы етеді. Біз келіссөздердің табысты болатынына үміттенеміз және ұзақмерзімді серіктестік қазақ футболына пайдасын тигізетіні анық.
Біз уақытша жетістікке ұмтылмаймыз, біздің мақсат – тұрақты футбол экожүйесін құру, ол арқылы ойыншылар, клубтар, жанкүйерлер және серіктестер ортақ нәтиже үшін жұмыс істейді.
Қазақстан футболы жаңа деңгейге шығып, халықаралық аренада бәсекеге төтеп беруі үшін реформа керек. Сол себепті озық тәжірибені қолданып, цифрлық технологияны енгізіп, инвестиция тартып, барлық процестердің ашықтығын қамтамасыз ету арықлы жаңарту бағытын жалғастырамыз.
УЕФА, мемлекет, жеке бизнес және футбол сүйер қауым қолдауымен алға қойылған мақсаттарды орындай аламыз. Қазақ футболы мықты болуға лайық! Біз жаңа шыңдарды бағындыру жолында барлық жұмысты атқарамыз, — деп түйіндеді Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров.