Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 9-ракеткасы Анна Данилина Ұлыбританияның Истбурн қаласында жалауы көтерілген WTA 250 турнирінің жеңімпазы атанды.
Осыған дейін Францияның ашық чемпионаты — «Ролан Гаррос», турнирінде, Лондон, Ноттингем қалаларындағы жарыстарында финалға дейін жеткен теннисші бұл жолы чехиялық Мари Боузковамен бірге бақ сынаған еді.
Данилина мен Боузкова дуэті финалда австралиялық Майя Джойнт пен Тайбэй өкілі Се Шувэймен бас жүлдені сарапқа салды.
Австралияның теннисшісі Майя Джойнт — әлемнің 51-ракеткасы. 19 жаста. Ол жас болса да финалға шығып, жекелей сында рейтингіде 74-орында тұрған филиппиндік Александра Эаланы 6:4, 1:6, 7:6 (12:10) есебімен жеңіп, жеңімпаз танды. Бұл ойын 2 сағат 38 минутқа созылды.
Осыдан кейін М.Джойнт Тайбэй өкілімен бірге бірден жұптық сындағы финалда ойнады.
Бірінші партияда Данилина мен Боузкова 2:0, 4:2 есебімен алға шыққанымен, Джойнт пен Шувэй дуэті таразы басын теңестірді. Дегенмен Қазақстан мен Чехияның спортшылары тағы бір брейкпен бірге геймді пайдасына шешті. Есеп — 6:4.
Екінші сетте есеп 1:1 болған кезде Данилина мен Боузкова брейк жасағанымен, қарсыластары да қарап қалмай, есепті 2:2 етіп теңестірді. Содан кейін есеп 5:3 болып, австралиялық-тайбэйлік жұп сетке доп бергенімен, ол мүмкіндігін пайдалана алмады. Сөйтіп, Данилина мен Боузкова 7:5 есебімен жеңіп, турнирдің жеңімпазы атанды.
Ойын 1 сағат 23 минутқа созылды. Осы уақытта Анна Данилина мен Мари Боузкова 3 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың бесеуін жақсы пайдаланды. Джойнт пен Шувэй 2 эйс, 3 брейк (10 брейк-пойнт) жасады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА