Әлемдік теннис шебері, әлемнің экс-бірінші ракеткасы, US Open-2021 чемпионы, Австралия ашық чемпионаттарының финалисі (2021, 2022, 2024), 2020 жылғы ATP қорытынды турнирінің жеңімпазы, жекелей сында 20 ATP жарысында үздік шыққан, 2021 жылғы Дэвис және ATP кубогының иегері Даниил Медведев Алматы қаласында 11-19 қазанда өтетін Almaty Open ATP 250 додасына қатысатынын растады, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Медведевтің қатысуы жарыс деңгейін көтеріп, оны маусымның ең маңызды оқиғаларының қатарына қосады. Жанкүйерлер қазіргі заманғы теннистің ең жарқын өкілдерінің бірінің ойынын көзбе-көз тамашалауға мүмкіндік алып отыр.
Даниил Медведев Қазақстан туралы жақсы пікірде. Ол 2022 жылы Астанада ATP 500 турнирінде өнер көрсетіп, жартылай финалға дейін жетті. Онда матчболдары бола тұра, болашақ чемпион Новак Джоковичке жол берді. Ал жасөспірім кезіндегі алғашқы титулын Өскеменде жеңіп алды. Бұл оның кәсіби теннистегі үлкен жолының бастауы болды.
Мен Алматыда алғаш рет ойнайтыныма қуаныштымын. Бұл – менің теннис сапарымдағы жаңа белес. Мен Қазақстан жанкүйерлерінің қонақжайлылығы, жылы ынта-ықыласы туралы көп естідім. Кортта кездескенше!, — деді Даниил Медведев.
Ұйымдастырушылар толыққанды бағдарлама дайындауда және барлық теннис жанкүйерлерін әлемдегі жылдың басты спорт оқиғаларының бірін тамашалауға шақырады.