Мемлекет басшысының жоғары жетістіктер спортын және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жүйелі қолдауы мен стратегиялық шешімдерінің нәтижесінде Қазақстан халықаралық спорт аренасындағы орнын нықтап келеді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Биылғы алғашқы алты айда елімізге 13 халықаралық спорт федерациясы мен ұлттық олимпиада комитеттерінің басшылары келді. Бұл – Қазақстанның әлемдік спорт қауымдастығындағы беделінің артып, атқарылып жатқан мемлекеттік саясатқа деген сенімнің жоғары екенін көрсетеді.
Президент тапсырмаларын орындау мақсатында Туризм және спорт министрлігі халықаралық федерациялармен ынтымақтастықты кеңейту, инфрақұрылымды дамыту және елімізде маңызды спорттық іс- шараларды өткізу бағытында кешенді жұмыстар атқаруда, — делінген хабарламада.
Еліміздің әлемдік спорт аренасындағы басқарушылық рөлін күшейтудегі алғашқы маңызды қадам – сала министрі Ербол Мырзабосыновтың Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) Директорлар үйлестіру комитетінің мүшесі болып сайлануы болды. Аталған комитет 13 елдің өкілдерінен құралған және әлемдік дзюдоның стратегиялық дамуына жауапты, 20 комиссияның жұмысын үйлестіреді. Қазақстан – бұл құрылымда Орталық Азиядан өкілдік ететін жалғыз мемлекет.
Сондай-ақ еліміздің халықаралық ұйымдардағы әлеуетінің арта түскенін мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың IJF-тің жаңа технологиялар және тиімділікті арттыру бойынша комиссиясының құрамына енуі дәлелдейді.
Елімізде институционалдық және спорттық бағыттар қатар дамып келеді:
2027 жылы дзюдодан әлем чемпионаты Қазақстанда болады. Бұл отандық дзюдо тарихындағы екінші әлем чемпионаты;
2023 жылдан бастап Астанада Grand Slam сериясындағы Qazaqstan Barysy турнирі ұйымдастырылып келеді (биыл отандық спортшылар 9 медаль жеңіп алды. Жүлде қоры – 154 000 еуро);
2024 жылдың мамырында елордада парадзюдодан (IBSA) әлем чемпионаты болды. Оған 38 елден 300-ден астам спортшы қатысты;
Астанада халықаралық деңгейдегі төрешілер мен жаттықтырушыларды даярлайтын IJF академиясын ашу жоспарлануда, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар дзюдо ел ішінде де жаппай дамып келеді – бүгінде бұл спорт түрімен 160 000-нан астам адам айналысады. Бұл қадамдар Қазақстанды халықаралық спорт қозғалысында белсенді әрі сенімді серіктес ретінде тұрақты түрде ілгерілетуге бағытталған.