Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров Qazsport телеарнасына сұхбат беріп, ҚФФ өңірлік инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытып жатқанын, ҚФФ-ның елімізде Конференциялар лигасының немесе УЕФА Суперкубогының финалын өткізуге дайын екенін және саланы тұрақты дамытуда клубтарды жекешелендірудің маңызды екенін айтты. Яғни, ол футболдың мемлекеттен қаржыландырылмау керектігін атап өтті.
Енді осыларды рет-ретімен айтса кетсек, ҚФФ басшысының айтуынша, ел тарихында алғаш рет FIFA-ның қолдауымен мектептерде 100 шағын футбол алаңының құрылысы басталды. Оған қоса FIFA Arena және KFF Arena жобалары аясында жеке инвесторларға несие жүйесі әзірленуде.
– Біз инфрақұрылым мәселесіне жүйелі түрде қарап отырмыз. Қазір бір мезгілде үш бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстан тарихында алғаш рет FIFA қаржыландыруымен қала және ауыл мектептерінде 100 шағын футбол алаңын салу жобасы қолға алынды. Қазір біз мектептерді әлеуметтік тапшылығы, халық тығыздығы және инфрақұрылымдық жетіспеушілік критерийлері бойынша іріктеудеміз. Бұдан бөлек, «FIFA Arena» және «KFF Arena» жобаларымыз бар. Оны «Бәйтерек» холдингімен бірге дайындап жатырмыз. Жеке кәсіпкерлерге әр қала мен ауылда ареналар салу үшін қандай пайызбен несие береміз. «Даму» банкпен қандай жеңілдіктер болады соны құрудамыз. FIFA Arena – стратегиялық маңызды жоба. Оны FIFA қаржыландырады, жобаға мемлекеттің қаржысы салынбайды. Бұл – жеке инвестиция. Қазақстанда инфрақұрылым тапшылығы қатты сезіледі. Біз ірі қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де футболды дамытуды мақсат еттік. Федерация инфрақұрылым тапшылығын жою, алаңдар санын көбейту және футболды дамытуға арналған техникалық әрі материалдық база қалыптастыруға басымдық береді, – деді М.Омаров.
«ҚФФ Қазақстанда Конференциялар лигасының немесе УЕФА Суперкубогының финалын өткізуге дайын»
Марат Омаров УЕФА-ға елімізде 2027 жылы УЕФА конгресін ұйымдастыруға, Конференциялар лигасының финалы немесе УЕФА Суперкубогын өткізуге ұсыныс бергенін хабарлады.
Оның айтуынша, УЕФА президенті Александер Чефериннің Қазақстанға жасаған ресми сапары мен УЕФА-ның қолдауы елімізде футбол инфрақұрылымын дамытуға және ірі халықаралық турнирлерді өткізуге жаңа мүмкіндік ашты.
– Биыл Александер Чеферин Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келіп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен кездесті. Біз футболды дамыту мәселелері бойынша мазмұнды әрі терең пікір алмастық. УЕФА-мен күн сайын тығыз жұмыс істейміз. Олар біздің әдістемелік серіктесіміз, VAR жүйесі сынды заманауи жобаларды енгізуге көмектеседі. Федерацияға жыл сайын қаржылай қолдау көрсетеді. Біз 2027 жылы УЕФА Конгресін қабылдауға дайынбыз. Сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларында Конференциялар лигасының финалы немесе Суперкубокты өткізуге ресми ұсыныс бердік. Оған Қазақстан дайын. Қазір елімізде жаңа стадиондардың құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, U-21 және U-19 жасөспірімдер құрамалары арасында Еуропа чемпионаттарын өткізу жоспарымызда бар, – деді ол.
«Футбол мемлекеттен қаржыландырылмау керек»
Сонымен бірге ҚФФ басшысы саланы тұрақты дамытуда клубтарды жекешелендірудің маңызды екенін айтты. Жекешелендіруге ұсынылған клубтардың қатарында «Астана», «Ақтөбе» және «Атырау» футбол клубтары бар. Қазір инвесторлар әріптестіктің жаңа мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.
– Қазіргі уақытта көптеген футбол клубы бюджет есебінен қаржыландырылады. Білесіздер, бұл туралы әр түрлі пікір бар. Бас прокуратура мен басқа да құқықтық органдар клубтарды тексерді. Әрине, көп сұрақ бар. Клубтарға жыл сайын орташа 3 млрд теңге бөлінеді. Бірақ ол ақша легионерлер мен шетелдік мамандарға жұмсалды. Бірақ клубтардың инфрақұрылымы, академиясы мен стадионы жоқ. Бұл дұрыс емес. Жеке инвестор келсе, оның өз активі пайда болады. Болашақта басқа демеушілер арқылы тағы да инвестиция тартады. Ол әлемдік тәжірибе. Қазір ең мықты клуб – жекеменшік клубтар. Бүгінде футбол бизнеске айналды. Телевизиялық бағдарламалар, жарнама, онлайн платформаларда да бәрі бар. Көп адам оны қарайды. Сондықтан әр клуб жекеменшік болғаны дұрыс. Қазақстан осы жолмен жүреді. Бізде жекешелендірілетін клубтардың тізімі жасалды. Қазақстан футбол федерациясы инвестор тартуға көмектесетін тарап ретінде жұмыс істейді, – деді М.Омаров.