Астанада теннистен Президент кубогы үшін өтіп жатқан ITF W15 жарысында Асылжан Арыстанбекова мен Іңкәр Дүйсебай жұптық сында жеңімпаз атанды, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Іңкәр Дүйсебай мен Асылжан Арыстанбекова финалда ресейлік Екатерина Хайрутдинова мен Беларусь өкілі Анна Кубаревамен ойнап, жеңіске жетті.
Бірінші партияда Ресей мен Беларусь жұбы тай-брейкте 7:6 (7:4) есебімен жеңді.
Екінші сетте Асылжан Арыстанбекова мен Іңкәр Дүйсебай 6:4 есебімен есе қайтарды. Содан кейін супер тай-брейкте 10:3 есебімен басым түсті.
Осылайша, А.Арыстанбекова мен І.Дүйсебай жұптық сында жеңімпаз атанды.
Аружан Сағындықова жекелей сында жартылай финалда әлемнің 739-ракеткасы, ресейлік Эдда Мамедовадан 2:6, 3:6 есебімен жеңілді.