• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    turkystan.kz

    Бәрекелді! Қызылордада жаңа стадион салынды

    4 қазанда Қызылордада жаңадан салынған стадионда футболдан Қазақстан кубогының финалдық матчы болады. Осы күні Шымкенттің «Ордабасы» мен Қостанайдың «Тобыл» клубтары жаңа алаңға шығады, деп хабарлады Қазақстан футбол федерациясы.

    Екі клуб та өз тарихында екі реттен Қазақстан кубогын иеленген. Бұған дейін де олар финалда үш мәрте жолыққан. 2007 және 2023 жылдары жеңісті «Тобыл» тойласа, 2011 жылы кубок «Ордабасының» еншісіне бұйырды.

    2025 жылғы кубокта командалар ойындарын 1/8 финалдан бастаған. «Ордабасы» «Хан-Тәңірі», «Қайрат» пен «Қызылжарды» жарыс жолынан шығарды. Ал «Тобыл» болса, «Жетісу», «Тұран» мен «Жеңіс» командаларын жеңді.

    Финалда жеңіске жеткен клуб беделді трофейге ғана ие болмайды. Сонымен қатар 2026/27 маусымындағы УЕФА Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңінен бастап қатысу құқығын алады. Егер «Тобыл» чемпионаттағы алғашқы үштікке кіруді іс жүзінде қамтамасыз етіп үлгерсе, «Ордабасы» үшін бұл халықаралық аренаға шығудың жалғыз мүмкіндігі болып тұр.

    Бұл матч турнирлік маңыздан бөлек, екі түрлі жаттықтырушылық мектептің тартысы ретінде де қызық. «Ордабасыны» молдовалық маман Андрей Мартин жаттықтырса, «Тобылдың» тізгіні Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы, Қостанай футболының аңызы Нұрбол Жұмасқалиевтің қолында.

    Кәсіби клубтар арасындағы жарыстарды өткізу дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылхайырдың айтуынша,  президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елде жаңа стадиондар салу және қолданыстағыларын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Сол жобалардың бірі – Қызылордадағы «Қайсар Арена». 2025 жылғы Қазақстан кубогының финалы осы заманауи аренадағы алғашқы ресми матч болады. Бұл – маусымдағы ең басты оқиғаның бірі. Қостанайлық клуб чемпиондық үшін таласып жатса, шымкенттіктер Премьер-лигадағы орнын күшейтуге тырысуда. Көрермендер жақсы ойынды тамашалайды деп сенемін. Әсіресе, қызылордалық жанкүйерлер үшін бұл кездесудің ерекше мәні бар. Себебі жаңа алаңда өз жерлесі Асхат Тағыберген өнер көрсетеді.

    Қызылорда қаласында 11 мың орындық жаңа стадион бой көтерді. Спорт нысаны УЕФА талаптарына сай, материалдық-техникалық базасы соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған.

    -Президентіміз Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Туризм және спорт министрлігіне Футбол федерациясымен, өңір әкімдерімен бірлесіп және бизнесті тартып, клубтық футболды коммерцияландыру туралы тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта спортты қолдаудағы игі бастамалар, ауқымды жобалар жалғасын табады, – деді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

    Жаңа стадионда олимпиадалық спорт түрлеріне арналған бокс, гимнастика, күрес, таеквондо, ауыр атлетика залдары бар. Нысан қазан айында ел игілігіне табысталады.

    Бұдан бөлек, 20 млрд. 500 млн. теңгеге «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені салынуда. Кешенде олимпиадалық спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары, жүзу бассейні, халықаралық жарыстарды өткізуге арналған 2500 орындық зал қарастырылған.

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *