UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің екінші турында Алматының Орталық стадионында «Қайрат» клубы Испанияның «Реал Мадрид» командасымен ойнады.
Бұл матчта жергілікті клуб футболдағы әлемдік гранд саналатын Пиреней түбегі елінің жасағынан 0:5 есебімен жеңілді. «Қайрат» жеңілсе де көп тәжірибе алды. Өйткені, Алматы командасының алғаш рет UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңіне шығуының өзі үлкен жетістік болса, «Реал Мадрид» командасымен ойнауының өзі үлкен тәжірибе деуге болады. Иә, кейбір адамдар айтқандай, бұл «үлкен жеңіс» емес, үлкен тәжірибе, сабақ. Осы тәжірибеден кейін «Қайрат» енді әлемнің футбол алаңына (Большая футбольная семья) шығып, атойлай шабады деп сенеміз.
Жалпы, матчта қонақтардың алаң иелерінің қақпасына бұдан да көп гол соғуға мүмкіндігі болды. Оған бір жағынан «Қайраттың» 18 жастағы қақпашысы Шерхан Қалмырза жеті сейв жасап, мүмкіндік бермесе, екінші жағынан алып қарасақ, «Реалдың» өзінің көп допты торға тоғытуға ынтасы болмады. Неге десеңіз, Еуропада футбол сыпайылығы бар. Ол қарсыласты құрметтеу дегенді білдіреді. Қарсыласты құрметтеу бір жағынан сыпайылық көрсету болса, екіншіден аяушылықтан да шығуы мүмкін деген де ой келеді. Қалай десек де «Реал Мадрид» клубы жасыл алаңда аяқпен емес, баспен, яғни сана-сезімімен, ой-өрісімен ойнайтын команда екенін көрсетті.
Осыдан 12 жыл бұрын, дәлірек айтсақ 2013 жылы 22 наурызда Астанада әлем чемпионатының іріктеу турнирінде ұлттық құрама Германия командасымен ойнаған еді. Олар С тобында ойнаған. Осы матчта Германия алаң иелерін 3:0 есебімен жеңді. Сол кезде есеп 3:0 емес, 10:0 болатын еді. Алайда, «неміс» машинасы» олай етпеді. Олар сыпайылық танытып, Қазақстан құрамасының қақпасына үш доп соғып, алаңда емін-еркін жүріп, рахаттанып ойнады. Бұл матчта қонақтардың құрамында Мюллер, Швайнштайгер, Озил, Хедира, Дракслер, Подольски, Гюндоган, Мертезакер, Лам, Нойер (қақпашы) мен басқа да футболшылар алаңға шықты. Осы құраммен олар Астанадан он голды арқалап алып кететін еді.
Қысқасы, «Қайраттың» бүгінгі ойынына қайта келсек, алаң иелеріне Еуропаның терезесін ашып берді деуге болады. Енді Алматының командасын жер-жүзіндегі барлық елдің жанкүйері біледі. Бұл әрине, «Қайраттың» ойыншыларына көз тігетін клубтар көбейеді деген сөз.
«Қайрат» – «Реал» (Мадрид) 0:5 (0:1)
Алматы. Орталық стадион. 22 788 көрермен.
Арбитр: Марко Гуида (Италия).
«Қайрат»: Шерхан Қалмырза, Еркін Тапалов (Юг Станоев, 64), Александр Мартынович, Егор Сорокин, Луиш Мата, Александр Мрынский, Офри Арад (Олжас Байбек, 64), Дамир Қасаболат, Валерий Громыка (Георги Зария, 80), Жоржиньо (Эдмилсон Сантос, 64), Дастан Сәтбаев (Рикардиньо, 80).
«Реал Мадрид»: Тибо Куртуа, Рауль Асенсио, Дин Хейсен, Давид Алаба, Фран Гарсия, Орельен Чуамени (Джуд Беллингем, 80), Дани Себальос, Франко Мастантуоно (Родриго, 70), Арда Гюлер (Эдуарду Камавинга, 80), Винисус Жуниор (Брам Диас, 70), Килиан Мбаппе (Гонсало Гарсия, 81).
Голдар: Килиан Мбаппе (25, пенальти, 52, 74). Эдуарду Камавинга (83). Браим Диас (90+3).
Ескертулер: Валерий Громыка (48), Офри Арад (55).
Бұған дейін «Қайрат» U-19 командасы Жасөспірімдер лигасында «Реал Мадрид» жастарынан 1:4 есебімен жеңіліп қалды. Осы мәліметті де біле жүріңіздер.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
Фото: MAXIM SHIPENKOV/EPA/ТАСС