• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Дәурен ЕРМЕКБАЙҰЛЫ

    Елге лайық ер туар

    Қазақ күресінен екі дүркін Әлем, үш дүркін Азия чемпионы, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Бауыржан Таубалдыұлы Тәліптің атындағы республикалық жарыс, төл күресіміздің ауыл-аймақтарда ерекше дамып келе жатқанының айрықша айғағы болды. Шымыр денелі, мінезі өткір, рухы мықты ауыл балалаларының ата күресімізге деген ықыласы жоғары. Өйткені бұл күрес ата-бабаларымыздан бері келе жатқан ұлттық өнеріміздің алтын көпірі.

    «Батыр туса ел ырысы», деген бір қанатты сөз бар. Қазақ даласы қаншама жалаңатөс батырлар, аузымен құс тістеген шешен билер мен көмейі бүлкілдеген ақын, жырауларды алып келгенін есепке ала алмаймыз.

    Қазақ елінінің әрбір аймағынан алып қарасақ, киелі топырақтан тобымен шыққан батырлар мен даналардың есімдерін кездестіреміз. Бұл заңдылық та шығар. Қазақ ұлы текті халық болған соң, «торы қасқадан қасқа тумаса да төбел туады», деген ұғым ғасырлар бойы жалғасын үзбей келеді. Сондықтан қазақ даласында өмір сүрген аттары аңыз болып ел қорғап қалған батырларымыздың арқасында осыншама құс ұшса қанаты талатын, ат шапса тұяғы талатын кеңбайтақ жеріміз дін аман бүгінгі күнге жетіп отыр. Ал осы бүгінгі күннің батырлары да сол тарихта іздері қалған бабаларымыздың салған соқпақтарын жалғастырып келген батырларымыз кімдер десек, ол ел бірлігін ойлаған, ұлтымыздың құндылықтарын жария етіп абыроймен жалғастырып келе жатқан  жас ұрпақты айтамыз.

    Ұлттық құндылықтарымызды сөз еткенде қазақтың ұлттық күресі қазақ күресін міндетті түрде алға тартамыз. Қазақ күресі ол біздің ұлттық кодымыз деп айтса артық болмас. Қазақ күресі өз бойына аса епті, қуатты тәсілдерді тудырып, іс-әрекеттің кең көлемдік диапазонын сіңірумен қызықты. Сондықтан да адамның көңіл-қуанышын арттыратын, қанын қыздырып, ерлікке, елдікке баулитын қасиеті бар. Ата күресіміздің өз өңірінде дамуына зор ықпал жасап, жан-тәнімен өрісін ұзартып жүрген жанашыр жандарды көріп қуанамыз, сүйсініп қарап, риза боламыз. Қазақ күресін дамытуда өлшеусіз үлесін қосып, туған жерге оралып ата күресімізді қанатын ұзартып еңбек етіп жүрген Алматы облысы Кеген ауданындағы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бауыржан Таубалдыұлы Тәліптің жас та болса бас болып туған өңірінде орасан жұмыс жасап жүргенін көріп, бар бол бауырым дейміз. Бауыржан қазақ күресінен екі дүркін Әлем чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы. Бауыржан өзі оқып білім алған қаладағы жоғары оқу ордасында қалып, еңбек жолын жалғаса да еш айыбы жоқ еді. Дегенменде «Туған жерге туыңды тік», демекші туған ауылына оралып, жасөспірім елдегі қазақ балаларын төл күресімізге тартып, жаттықтырып, ұлттық күресті ауылда дамытуда қолға алған екен. Өйткені шымыр да шыныққан, рухы жоғары, намысы зор балалар ауылдан шығатыны белгілі. Сондықтан да Бауыржан ауыл спортындағы қазақ күресінінің бота балуандарынан ел біліп мақтанатын атан жілікті апайтөс түйе балуандар шығаруды мақсат етіпті.

    «Жігітке жеті өнерде аз», демекші, Бауыржан футбол ойнағанды ұнатады. Футболдан өзінің туған өңірінде ұйымдастырылып тұратын жарыстарда тартысты ойын көрсетіп, командасын жеңіске жетелеп жүреді. Кім білсін, аты елге белгілі балуан болмағанда, футболдан ұлттық құрама команданың намысын жыртар ма еді.

    Сонымен қазақ күресінің Алматы облысы ғана емес, елімізде дамуынан қарқын қосқан асыл азамат Буыржан Тәліптің атында жасөпірімдер арасында республикалық турнир Алматы облысы Кеген елді мекеніндегі спорт сарайында жалауын көтерді.

    Жарысқа еліміздегі осы бір төл күресіміздің өркендеуіне үлес қосып келген ардақты азаматтар мен құрметті қонақтар түгел келген екен. Салтанатты ашылуында сөз алған қазақ күресінің тұңғыш перзиденті Ерғали Мұхитдинов, дзюдо, самбо және қазақ күресінен спорт шебері, спорт ардагері Жантелі Бозбашев, ардагер балуан самбо және дзюдо күресінен Азия чемпионы Айсара Керімбекова, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, Райымбек батыр жарысының ұйымдастырушы Қапар Рауанов, Кеген ауданы әкімінің орынбасары Медет Исаев, Бауыржан Тәліптің алғашқы бапкері Шеризат Мекебаев пен Бауыржанның туысы, ауыл мектебінің атын республикаға шығарып жүрген білікті ұстаз Бақытнұр Әділов турнир иесіне ақжолтай ақ тілектерін жаудырып, жас балуандарға жарақатсыз жеңісті жекпе-жектер тіледі.

    Салтанатты ашылуы сәті аяқталғаннан кейін балуандар жекпе-жегі жалғасын тапты. Айтулы респбликалық турнирге Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда мен Алматы облыстарынан 200-ге тарта жасөсіпірім балуандар келіп күресті.

    Турнирдің бас хатшысы, спорт ардагері Қуанжан Құлпейсовтың айтуынша, Маңғыстау облысының балуандары қамшы салдырмай алға шыққан екен. Иә, аталған өңірдің осындай жетістіктеріне назар аудара отырып, Маңғыстау өңірінде қазақ күресі айрықша даму үстінде екеніне көз жеткізгендей болдық. Сонымен күн ұзақ бозкілемде жеңіс үшін жанын салып күрескен балуандардың арасынан оза шыққандарының есімдері де белгілі болды.

    Жарыстың қорытындасы бойынша өз салмақтарында Нұржан Өтебаев (38 кг), Мансур Наурызбай (42 кг), Әділ Әділхан (46 кг), Жасұлан Айтенбаев (50 кг), Әмірхан Рыскелді (55 кг), Нұрасыл Амантұр (60 кг), Әділхан Наурызбай (65 кг), Әділхан Сахымбай (70 кг), Мұхаммад Бақберген (75 кг) пен +75 кг ауыр салмақта Сұлтан Тұрдәлі жарыс жеңімпазы атанды.

    Турнир соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер қажетті сый-құрметтерін алып, ризашалықпен аттанып кетті. Қазақ күресінің дами түсуіне елімізде тағы да бір жарыстың дүниеге келуі әрине, қуантады. Қатысушыладың көпшілігі Бауыржан Тәліптың атындағы аламан жекпе-жек дәстүрлі болып жалғасын тапса деген деген тілеуде болды. Ендеше, сол бір болашақ үшін бағашар жарыстың дәстүрлі болуын біз де құптадық.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    Алматы облысы, Кеген ауданы

    Фото: Дәурен ЕРМЕКБАЙҰЛЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *