• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Облыс әкімі Семейде спортшылармен кездесті

    Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Семей спорт академиясында болды.

    Академия директоры Мерейғалы Көшкінов облыс әкіміне атқарылып жатқан жұмыстар мен оқушылардың жетістіктері туралы жан-жақты айтып берді. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын спорт академиясы жанынан Даниал Ахметовтің бастамасымен спортқа бейімі мен бейілі бар балаларға арналып  200 орынға арналған жатақхана ашылған болатын. Қазір мұнда күрестің бірнеше түрімен шұғылданатын, волейболмен айналысатын жөсөспірім ұл-қыздар тұрып жатыр.

    Жалпы, Шығыс Қазақстанда қазір волейболдың дамуы өзге өңірлерге қарағанда көш ілгері. Облыстың «Алтай» қыздар құрама командасы халықаралық дәрежеде жақсы ойын өрнегімен ерекшеленуде. Осы ретте «Алтайдың» кәсіби деңгейін арттырып, қарқынын жоғалтпау мақсатында бірнеше қосалқы командалар да құрылған. Оларды қосалқы деп қомсынуға болмайды. Өйткені, ел ішілік жарыстарда нәтижелер көрсетуде. Семей спорт академиясындағы «Алтай – 4» командасындағы  14 пен 17 жас аралығындағы тәлім алып жатқан 30 қыз да ертең команданың негізгі ойыншысына айналуы мүмкін.

    Даниал Ахметов алдымен волейболшы қыздардың жаттығуын ден қоя тамашалады. Жапонядан келген Саэ Ишида есімді жаттықтырушы академияда оқып жатқан волейболшы қыздарға білгенін үйретуде. Қимылдары ширақ, қозғалыстары шапшаң, өзара әрекеттесе қызу жаттығудағы қыздарға облыс әкімі «дайын команда» деп бағасын берді, Жапон қызына алғысын білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі.

    –Келесі жылы сіздер «Алтай — 3» кәсіби командасының ойыншысына айналасыздар. Ол үшін тынбай жаттығу жасауларыңыз қажет. Сіздердің білікті жаттықтырушыларыңыз бар. 2020 жылы өтетін Токиодағы Олимпиада ойындарында «Алтай» командасы ұлттық құраманың қалқаны болатынына сенімдімін, – деген Даниал Ахметов жас волейболшы қыздарға спортта жетістікке жетуде мықты жаттықтырушы мен спортшының еңбекқорлығы аса маңызды екенін атап өтті.

    –Біз Жапония, Сербия елдерінен мықты жаттықтырушыларды шақырдық. Шетелден шақыртқан бапкердің айырмашылығы неде деген сұрақ туындауы мүмкін. Олар жаттығуды күніне үш сағаттан екі уақыт өткізеді. Мұндай жаттығу жасау жүйесі облыс, тіпті, елімізде жоқ. Міне, жетістікке жетудің жолы осында жатыр. Биікті бағындырғымыз келеді екен, онда спортқа балалардың емес, жаттықтырушылардың көзқарасын өзгертуіміз керек, – деп атап өтті облыс әкімі.

     

    Семей спорт академиясының баспасөз қызметі 

    Шығыс Қазақстан облысы,

    Семей қаласы

      

     

     

     

     

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *