• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Құрлықта қазақ күресінің қатары көбейді

    Нидерланды Корольдігінде қазақ күресінен Еуразия кубогы үшін командалық жекпе-жектер өтті. Еуропа мен Азияның кіллі мықтыларын жинаған бұл жарысты Дүниежүзілік қазақ күресі федеарциясы, Біріккен күрес Одағымен (UWW)  бірігіп ұйымдастырды. Қатысушы командалар екі топқа бөлініп өнер көрсетті. Айталық, Еуропа аймағынан  Голландия, Беларусь, Германия мен Грузия елдерінің палуандары күш сынасса,  Азиядан Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан мен Қазақстанның таңдаулы спортшылары бозкілемде  тартысты белдесулер өткізді.

    Жарыста әуелі отандастарымыз Қырғызстан мен Өзбекстан командаларының жігіттерін жеңіп, Моңғолиямен кездесті. Бірақ, палуандарымыз моңғолдардан айласын асыра алмады. Ал, Қазақстан құрамасы үшінші орын үшін белдесуде  намысты қолдан бермей, Нидерланды спортшыларын басымдылықпен жеңіп, Еуразия кубогының қола жүлдегері атанды.

    Финал Моңғолия мен Грузия командалары арасында өтті. Грузия  құрамасының палуандары арасында самбодан әлем чемпиондары мен Еуропа біріншіліктерінде топжарған марқасқа спортшылардың қатары көп еді. Моңғолдар да осал емес екенін көрсете білді. Моңғолия құрамасы бұл жарысқа өз елдерінде  есімдері қалың жұртқа танылған білекті де жүректі жігіттерін сараптап алып келіпті. Дегенмен де тау халқының өкілдері шеберліктері әлдеқайда жоғары екенін тамаша көрсетіп, бас жүлдеге тігілген қомақты сыйақы мен  Евразия кубогын жеңіп алды. Бір айта кетер мәселе, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Ислам Әлмақанұлы Әбішевтің: «Қазақ күресін әлемге таратып, насихатын күшейту үшін өзге елдердің палуандары жеңіс биігінен жиі көрінуі керек. Өйткені, олар өз еліне жеңіспен желпіне оралып қана қоймай, ақпарат құралдарынан жеңісімен бірге қазақ күресін дәріптейтін болады. Сондықтан да қазақ күресін әлем сахнасына шығарудың ең бір тиімді жолы, өзге елдердің спортшыларының жеңіске жетіп отыруы, біздің қазақ күресінің болашағы үшін маңызы зор деп білемін», – деген еді.

    Расымен де, біз қашанға дейін бас жүлделерді өз жамбасымызға басып алып қала береміз?! Қазақ күресін әлемге танытып, олардың  ұлттық күресімізге қызығушылығы артып, белсене айналысуы үшін қонақтарға жүлдені аямай таратуды қолға алғанымыз дұрыс болар. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті Серік Адамұлы Түкеевтің де көп жылдан бері алға қойған мақсаттарының бірі де сол, алыстан ат артып жеткен  шетелдік палуандардың  жүлделі болып еліне  қайтуы. Мысалы, мен  қазақ күресінен 7 әлем чемпионаты, 11  Азия чемпионаты, 4 Әлем кубогы, 5 Еуропа, 2 рет Пан-Америка мен Африка чемпионаттарының дүбірілете  өткенінің куәсі болып келемін. Талай рет Серік Адамұлының төрешілер алқасымен жарыс алдында өткізетін отырыста әрқашанда жекпе-жек барысында екі палуан теңдей өнер көрсетсе шетелдің өкіліне жеңісті аямай берген жөн екенін баса айтатын. Сондықтан да мұхит асып, құс ұшса қанаты талатын жерден қазақ күресі үшін күресуге  шын ынтасымен жеткен қонаққа құрметпен қарағанымыз ләзім. Сонымен бірге, тағы бір ұтатынымыз  шетелдіктер біздің күрестегі ережелерді ана тілімізде айтылатын «Баста», «Тоқта», «Таза», «Жартылай», «Жамбас» деген тіркестерді жаттап үйрене бастады.

    Аламан жарыс аяқталған кезде Біріккен күрес Одағының (UWW) басүйлестірушісі Едмар Абуллаев мұндай жақсы ұйымдастырылған жарыс Голландия елінде алғаш рет болғанын айтты Ілгеріде ешқашан да жекпе-жек түрлерінен Олимпиадалық спорт түрлері былай тұрсын әлемдік және халықаралық деңгейдегі байрақты жарыстар Нидерланды мемлекетінде өткенін естімеген екен. Сондықтан Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы Біріккен күрес Одағымен (UWW) бірігіп Қызғалдақтар елінде  сәтті өткізген бұл жарыстың бағасы өте зор екеніне тоқтала кетті. Осының өзі қазақ күресі  үшін үлкен бір жетістік деп айтуға болады. Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиетті де киелі ұлттық күресіміздің кемеліне келіп, әлемге шығатын уақыты жетті. Келер жылы Кореяда екі жылда бір келетін Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының бағдарламасына қазақ күресінің  кіргені туралы Серік Адамұлы  қуана сүйіншілеп айтты.  Бұл хабар  осы Еуразия кубогы өтіп жатқан кезде жетсе керек. Ендеше есіктен кіргелі отырған 2019 жылы Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы Біріккен күрес Одағымен (UWW) бірігіп өткізетін аламан жарыстардың қатары көптеп болғалы тұр. Сондықтан да қазақ күресі үшін келер жыл құтты болғай деп тілейік.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *