• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қыр астында Ақ Олимпиада

    Биыл – қысқы Олимпиада жылы. Биыл тағы да сайыпқырандарымыз төрт жылда бір келетін осынау дүрмекті додада бақ сынайды. Бұл байрақты бәсеке 7-16 ақпан аралығында Италияның Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында болады.

    Ойындардың ресми белгілері – Тина және Мило атты екі ақкіс. Олардың эскизін мектеп оқушылары әзірлеген. Барлығы 1600 дизайн ұсынысы қабылданған.

    Италия тарихта төртінші рет Олимпия ойындарын өткізеді. Миланда алғаш рет Олимпиаданың жалауы көтеріледі. Ал Кортина-д’Ампеццода жарысты екінші рет болады. Бұған дейін 1956 жылы Олимпиада өткен.

    Биылғы Олимпиадада 16 спорт түрінен 100-ге жуық медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бұл спорт түрлеріне биатлон, бобслей, тау шаңғысы, керлинг, конькимен жүгіру спорты, шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, фристайл, трамплиннен секіру, шана спорты, скелетон, ски-альпинизм, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей және шорт-трек кіреді. Олимпия ойындарына алғаш рет ски-альпинизм енгізіледі.

    Қазақстан қысқы ойындарда

    Жалпы, жазғы, қысқы спорт түрлерінен болсын Олимпия ойындарының орны бөлек. Бұл – 1991 жылы еліміз тәуелсіздігінің таңы арайлап атқан кезден бері спортшыларымыздың қатысатын тоғызыншы Олимпиада. Бұған дейін біздің құрама 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен қысқы ойындарға, одан кейін 1998 жылы Жапонияның Нагано, 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити, 2006 жылы Италияның Турин, 2010 жылы Канаданың Ванкувер, 2014 жылы Ресейдің Сочи, 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан мен 2022 жылы Қытайдың Бейжің қалаларында өткен Олимпия ойындарына қатысты.

    2026 жылғы қысқы Олимпия ойындарының басталуына аз уақыт қалды. Осыған орай, еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі қысқы Олимпиадалардағы нәтижелеріне қысқаша тоқталып, шолу жасауды жөн көрдік.

    Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1994 жылы алғаш рет ақ Олимпиадада бақ сынады. Бұл дүбірлі додаға Қазақстаннан 29 спортшы қатысты. Егемендіктің елең-алаңында отызға жуық отандасымыздың көк байрағымызды көтеріп, Скандинавия түбегіндегі жарыста туымызды тігуінің өзі жетістік еді. Олимпиадада Қазақстан құрамасы спорттың 8 түрінен күш сынасты. Атап айтқанда, биатлон, тау шаңғы спорты, конькимен жүгіру спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, мәнерлеп сырғанау, фристайл және шорт-трек. Бұл сында Қазақстанға алғаш алтын медальді шаңғышы Владимир Смирнов сыйлады. Сонымен бірге ол тағы екі күміс жүлдені жеңіп алды.

    Одан кейін араға төрт жыл салып, 1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен қысқы ойындарда Қазақстан құрамасы екі есе спортшыны апарып, спорттың 8 түрінен ел намысын қорғады. Бұл жарыста 60 саңлағымыз тау шаңғы спорты, шайбалы хоккей, биатлон, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, фристайл, конькимен жүгіру спорты, шаңғымен тұғырдан секіруден сынға түсті. Жарыста отандастарымыз екі қола жүлдені иеленді.

    Конькимен жүгіруші Людмила Прокашева 5 000 метр қашықтықта жүлдегерлер қатарынан көрінсе, шаңғы жарысынан із кесу сайысында Владимир Смирнов үшінші орынға шықты. Осылайша, Қазақстан екі қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте 20-орынды иеленді.

    Келесі Олимпиада 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында жалау көтерді. Бұл додада 50 спортшы жарыстың 7 спорт түрінен өнер көрсетті. Атап айтқанда, тау шаңғы спорты, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы жарысы, конькимен жүгіру спорты, шайбалы хоккей, фристайл, биатлон. Бірақ, олардың ешқайсысы құрмет тұғырына көтерілмей, елге қайтты.

    2006 жылы Италияның Турин қаласында өткен Олимпиадада да отандастарымыз жүлде алған жоқ. Аппенин түбегіне 55 спортшы барған болатын. Олар спорттың 7 түрінен атап айтқанда, биатлон, тау шаңғы спорты, конькимен жүгіру спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, фристайл, шайбалы хоккей.

    2010 жылы Ванкуверде жалауы көтерілген Олимпия ойындарында Қазақстан 8 жылдан кейін бір күміс медаль алды. Әйелдер арасындағы 15 шақырымдық жекелей жарыста биатлоншы Елена Хрусталева Олимпиада жүлдегері атанды. Осы Олимпиадада 37  отандасымыз спорттың 8 спорт түрінен (биатлон, тау шаңғы спорты, конькимен жүгіру спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, фристайл, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек) күш сынасып, жалпыкомандалық есепте 25-орынға ие болды.

    2014 жылы Ресейдің Сочиде қаласында өткен Олимпиадада 51 спортшы  Қазақстан атынан жарыстың 10 түрінен өнер көрсетті. Олар биатлон, тау шаңғы спорты, конькимен жүгіру спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шана спорты, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, фристайл, шорт тректен сынға түсті. Қысқы Олимпиаданың қорытындысы бойынша мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қола медальді жеңіп алды. Осы нәтижемен Қазақстан жалпыкомандалық есепте 26-орынға орналасты.

    2018 жылы Пхенчханда (Оңтүстік Корея) өткен қысқы Олимпия ойындарына 46 спортшы қатысты. Отандастарымыз спорттың 9  түрінен сынға түсті. Спортшылар биатлон, тау шаңғы спорты, конькимен жүгіру спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шана спорты, мәнерлеп сырғанау, фристайл, шорт-тректен күш сынасып, бір медальді қанағат тұтты. Бұл жарыста Юлия Галышева фристайл-могулдан қола медаль алып, Қазақстан жалпыкомандалық есепте 28-ші орынға орналасты.

    Соңғы қысқы Олимпиада ойындары 2022 жылы Қытайдың Бейжің қаласында болды. Бұл додаға 34 спортшы қатысты. Олар 8 спорт түрінен (шаңғы жарысы, конькимен жүгіру спорты, биатлон, шорт-трек, шаңғымен тұғырдан секіру, тау шаңғы спорты, шаңғы қоссайысы, фристайл) жарысты. Алайда, ешкім медальға алған жоқ.

    Енді биылғы Олимпиадаға отандастарымыз бірнеше спорт түрінен жолдама алып үлгерді. Қазақстан құрамасының спортшылары мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және конькимен жүгіру спортынан іріктеу кезеңінен өтті.

    Шаңғымен тұғырдан секіру жарыстары Валь-ди-Фьемме аймағында орналасқан Predazzo Olympic Ski Jumping Stadium трамплин кешенінде болады. Бұл жер Олимпиада талаптарына сәйкес толық жаңартылып, халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге бейімделген. Кешен 1989 жылы пайдалануға беріліген. Онда 1990 жылы алғаш рет әлем чемпионатының жалауы көтерілген.

    Дүрмекті додаға дайындық

    Қазір Туризм және спорт министрлігі ұлттық команданы ХХV қысқы Олимпиадаға дайындаудың кешенді жоспарын әзірледі. Қолда бар мәліметке қарағанда, Олимпиадаға ел құрамасынан шамамен 35 спортшы барады. Спортшылар қысқы Олимпиаданың 10 дисциплинасы бойынша бақ сынауды жоспарлап отыр. Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру спорты, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы спорты, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар.

    -Қазіргі кезде Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоровтың мәнерлеп сырғанаудан екі жеке ресми Олимпиада лицензиялары бар. Сонымен қатар спортшыларымыз шорт-тректен – 9, конькимен жүгіруден 12 лицензия жеңіп алды. Команданың түпкілікті құрамы спортшылардың халықаралық жарыстардағы нәтижелеріне қарай қалыптастырылады. Олимпиада квоталарының нақты саны 2026 жылғы қаңтардың соңында белгілі болады. Кешенді жоспарды іске асыру аясында министрлік республикалық спорт федерацияларымен және өңірдегі әкімдіктерімен бірлесіп жаттығу үдерісін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалар 178 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 125 халықаралық жарысқа қатысты, — делінген ведомствоның хабарламасында.

    Бұдан басқа министрліктің хабарлауынша, спортшылар медициналық-психологиялық қолдау, қаржылық қолдау, қажетті спорттық құрал-жабдықтар, тамақтану және білікті жаттықтырушылармен жұмыс жасау қарастырылған. Жаттықтырушылар құрамына әлем чемпионаттары мен Олимпиадада тәжірибесі бар жоғары деңгейдегі мамандар тартылған. Атап айтқанда, Германия, Нидерланд, Испания, Словения, Польша, Ресей және Беларусь елдерінен мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, шорт-трек және биатлон бойынша 13 шетелдік ТОП-деңгейдегі жаттықтырушы-кеңесші спортшыларымыздың сапалы дайындығына жұмылдырылды. Туризм және спорт министрлігі ұлттық құраманың бәсекеге қабілетті даярлығын қамтамасыз ету және отандық спортшылардың төртжылдықтың басты додасында жақсы өнер көрсетуі үшін қажетті жағдайларды жасау бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда.

    Осыған байланысты жақында Туризм және спорт министрлігінде ХХV қысқы Олимпиадаға қатысатын ұлттық құраманың спорттық киім жиынтығы таныстырылды. Жабдықтың техникалық талаптарын келісу, үлгілерін бекіту және жеткізілетін спорттық киімнің сапасын бақылау мақсатында арнайы жұмыс комиссиясы құрылды. Оның құрамына Туризм және спорт министрлігінің, Ұлттық Олимпиада комитетінің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ танымал отандық спортшылар кірді. Жұмыс комиссиясы ұлттық құраманың спорттық киімінің эскизін бекітті. Қазіргі уақытта бұл эскиз Халықаралық Олимпиада комитетінде келісу рәсімінен өтіп жатыр. Спорттық киім жиынтығы 22 атаудан тұрады. Оның ішіне Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаттарына арналған салтанатты форма, жарыс кезеңінде пайдаланылатын жылы сырт киімдер, сондай-ақ оқу-жаттығу жиындары мен күнделікті қолдануға арналған жаттығу және күнделікті киімдер кіреді. Сондай-ақ ұлттық құраманың спорттық киімі демеушілер есебінен сатып алынғанын айта кеткен жөн. Туризм және спорт министрлігі 2026 жылғы қысқы Олимпиадаға дайындық бойынша жоспарлы жұмыстарын жалғастыруда.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *