Әз-Наурыз мейрамына орай еліміздің әр өңірінде спорттық ойындар болып өтті. Сондай берекелі, мерекелі күннің аясында өткен іс-шараның бірі Алматы облысы Іле ауданының Өтеген кентінде ұйымдастырылды.
Негізі Өтеген кентінде ардагерлері спорты өте жақсы дамып келеді. Осы өңірдегі спортқа жанашыр майталмандардың атсалысумен спорттың әр түрінен ардагерлер арасында байрақты жарыстар өткізіліп келеді. Шағын футболдан Наурыз мейрамына қатысты ұйымдастырылған ардагерлер жарысында «сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпеген», демекші бойларында қуаты бар, шеберлігі зор бұрынғы спорт ардагерлерінің тартысты ойындары жарысты тамашалуға келгендерге үлкен әсер қалдырды.
Турнирге Алматы облысы мен Алматы қаласынан қатысқан сегіз команданың ішінде сапалы әрі тартысты ойынды көрсеткен ардагер журналистерден жасақталған «Қаламгер» командасы да бар еді. Көпшілігі «Qazaq sporty» газетенің ұжымынан құралған «Қаламгер» командасының ойыншыларының көрсеткен сапалы сәтті ойындарына жанкүйерлердің ықыласы зор болды. Әсіресе, аты алашқа әйгілі күміс көмей әнші, композитор Кенен Әзірбаев атамыздың туған немересі Мұрат Кененовтің де қаламгерлер командасының құрамына қосылып тепкен добы мүлт кетпей, қарсыластардың қақпасының ішінен табылып жатты.
Турнир соңында әр номинация бойынша үздіктер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Турнирдің «Үздік шабуылшысы», «Үздік ойыншысы», «Үздік қорғаушысы» «Үздік қақапашысы» марапаттары бойынша топ жарып тамаша ойын көрсеткендер бағалы сыйлықтармен құрметпен марапатталды.
Жарысты ұйымдастырушы елге белгілі журналист, жазушы Әлім Анапиянов ағамыздың арқасында турнир өте жақсы деңгейде болып өтті. Әлім ағамыз әрқашанда осы Іле ауданының ардагерлерінің басын қосып, ізгі іске ұйытқы болып жүргенін жергілікті жұрт жиі айтады. Сонымен қатар ардагер қаламгер ағамыз спорт саласында жарық көрген 10 астам кітаптың авторы.
Додада Әлім Анапиянов өзінің соңғы жазып шығарған «Народный тренер», «Халық бапкері» деген сиясы жаңадан кепкен кітабын үздік ойыншыларға тарту етті.
Ардагерлер көктем мерекесінде осылайша күн ұзақ жасыл алаңда бар шеберліктерін салып, футболдан алған шексіз әсерлеріне риза болып үйлеріне тарқасты. Спорт — денсаулық кепілі. Өздерін қоғамның бір бөлшегі деп санамайтын спорт ардагерлері үшін осындай жарыстардың өткізіліп тұруы өте маңызды. Ең бастысы, осылайша әр уақытта қозғалыста болу, яғни спортпен айналысып салауатты өмір сүру ардагер жандарға таптырмас ем, дем әрі өмірлеріне серпін береді.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ
Алматы облысы
Іле ауданы Өтеген кенті






SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары