• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Қазақстан бокс федерациясы

    Бас жаттықтырушы Нұржан Насанов: Боксшылардың жеңіске деген жігері жақсы

    Бокстан Жапонияда жалауы желбіреген ХХ жазғы Азия ойындарындағы бокстан жекпе-жектер 21 қыркүйекте басталды. Бұл күні Қазақстан құрамасы шаршы алаңға шыққан жоқ. Бокстан жекпе-жектер 2 қазанға дейін болады.

    Азия ойындарының алдында ұлттық құрама оншақты елмен бірге жарыс алдында бірлескен жаттығу жиынына қатысты. Сонымен ерлер құрамасында Махмұд Сабырхан (55 кг), Оразбек Асылқұлов (60 кг), Төрехан Сабырхан (70 кг), Сабыржан Аққалықов (80 кг), Нұрбек Оралбай (90 кг), Айбек Оралбай (+90 кг) күш сынасады.

    Азия ойындары кезінде біз ерлер құрамасының бас жаттықтырушы  Нұржан Насановпен аз-кем әңгімелескен едік. Соны оқырманның назарына ұсынып отырмыз.

    — Боксшының жекпе-жекке дайындығы әуелі психологиялық дайындыққа байланысты ғой. Біздің жігіттердің Азиадаға дайындығы қалай болды? Жекпе-жек басталар алдында көңіл-күйлері қалай? Ұйқылары қанық па?

    — Дайындықтың бәрі ойдағыдай, жақсы болды. Азиаданың алдында оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Осы жерге келіп, тағы дайындалдық. Оншақты елдің спортшыларымен бірге жаттықтық.

    Азия ойындарына үш кезеңдік дайындықпен келіп отырмыз. Алғашқы кезең Америка Құрама Штаттарында ұйымдастырылды. Мақсатымыз жалпы дене дайындығын арттыру болды. Әрі қарай Алматы облысында бокстағы шеберлікті шыңдайтын кезек өткізілді. Онда спаррингтер мен бокс жаттығуларына басымдық берілді. Ал қорытынды кезең жаңа айтып кеткенімдей, Жапонияда болды. Бұл жақта да жаттығуларға қоса әр боксшымыз екі спаррингтік жекпе-жектен өткізді. Спортшылардың көңілі-күйі, жарысқа дайындығы мен жеңіске деген ұмтылысы да жақсы. Спорттық режим сақтап, қалыпқа келу процесі болып жатыр.

    — Ұлттық құрамаға лайықты боксшылар таңдалып, іріктелініп алды ғой. Бәрі ел намысын қорғауға барды. Басқа елдер де қарап отырған жоқ. Біздің былғары қолғап шеберлеріне қай мемлекеттің боксшылары мықты қарсылас бола алады деп ойлайсыз?

    — Негізгі қарсыластар Өзбекстан, Үндістан, Жапония елдерінен деуге болады. Сонымен қатар, Иран, Моңғолия, Филиппин, Таиландттан да бірнеше боксшы бар.

    — Қазір бокс дүниежүзі бойынша дамып келеді. Азия елдері де дамудың бұл жолынан қалыс қалып отырған жоқ. Азиадада біздің боксшыларымыздың мүмкіндігі қандай?

    — Мүмкіндік әрине бар. Қазақстан бокс құрамасы жеңіс үшін барын салып, діттеген мақсатқа жетеді деген сенім мол.

    — Олай болса, боксшыларға тек сәттілік тілейміз! Боксшылар өздеріне сенімді болса бәрі сәтімен болсын!

    Әйелдер құрамасына келсек, Азиадада Алуа Балқыбекова (51 кг), Назым Қызайбай (54 кг), Виктория Графеева (60 кг), Аида Әбікеева (65 кг), Наталья Богданова (75 кг) қолғап түйістіреді.

    Бас жаттықтырушы — Елдос Сайдалин.

    Жақында Қазақстан әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы Елдос Сайдалин АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен оқу-жаттығу жиынының қорытындысына баға беріп, бұрымды боксшылардың Азиадаға дайын екенін атап айтты.

    Ол құрама команданың Атлант мұхитының ар жағындағы алып елде бір ай бойы жаттыққанын, бәрі жоспар бойынша болғанын жеткізді.

    — Біздің жаттығу шілде айының басынан тамызға дейін болды. Оқу-жаттығу жиынына  8 спортшы қатысты. Әр боксшы 3-4 рет спаррингке шықты.  Қарсыластардың деңгейі жақсы екен.

    Бұл жиынның басты ерекшелігі — кәсіпқой боксшылармен қолғап түйістіру болды. Олардың шеберлігіне ешкім дау айта алмайды. Дегенмен бізге жекпе-жектер өте пайдасын берді. Қыздар 4 раундтан 8 раундқа дейін спаррингке шықты.

    Қазір боксшыларымыз Азия ойындарына тыңғылықты дайындалып жатыр.  АҚШ-тан келген соң, Алматы облысында кезекті оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Бұл жерде біз 16-30 тамыз аралығында жаттықтық.  Барлығы, ойдағыдай болды, — деді ол.

    Оның айтуынша, құрама команда Азиадаға қатысу үшін Күншығыс еліне ертерек келді. Осы жерде тағы жаттықты. Жапонияға 20 спортшы аттанды. Оның бесеуі Азиадаға қатысса, 15 боксшы тәжірибе жинау үшін келіп отыр. Осында жазғы Азия ойындарына қатысатын бес аруымыз бен құрамадағы тағы 15 қызымыз бар. Өйткені, әйелдер арасында жарыстар өте аз. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, әр салмақтағы төрт спортшының да тәжірибе жинауына жағдай жасағымыз келеді. Одан кейін Азия ойындарына қатысатын боксшыларға жақсы дайындалу үшін көмек керек.

    Елдос Сайдалин ерлер мен әйелдер құрамаларының бірігіп жаттығатынын да жасырмады.

    — Мен Нұржан Насановпен сөйлесіп, бір-екі қызымызды біртіндеп спаррингке қоссақ деген ұсыныс айттым. Себебі, ерлер боксы өте жылдам.  Қыздарға қарқын керек. Мұндай тәжірибе пайдалы. Оны АҚШ-тағы оқу-жаттығу кезінде көрдік. Осы тәсілді қолданғанбыз, — деді бас жаттықтырушы.

    Қорыта айтқанда,  әйелдер құрамасының Азиададағы басты мақсаты – алтын жүлде алу. Команданың бас маманы жоспардың ойдағыдай болатынына сенімді.

    Жалпы, биылғы Азиадада спортшылар 43 спорт түрінен 71 дисциплина бойынша 469 медальдар жиынтығы үшін бақ сынайды.

    Жарыстар Токио қаласы мен Сидзуока, Осака және Гифу префектураларындағы ареналарды қоса алғанда, 50-ден астам спорт нысанында ұйымдастырылады.

    Қорыта айтқанда, Азиадаға Қазақстан сапынан 9 әлем чемпионы мен 2 әлем чемпионатының финалисі қатысады. Бұл додада 11 жүлде жиынтығы үлестіріледі. Шынын айтқанда, былғары қолғап иелерінің қай-қайсысы болсын алтын жүлдені жеңіп алуға үміткер. Бұған дейін Қазақстан ұлттық құрамасы Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионаты мен Моңғолияда жалауы желбіреген Азия чемпионатында жалпы есепте топ жарған еді. Соған қарап ұлттық құрама тағы да биіктен көрінуі әбден мүмкін. Дегенмен, Азияда елімізге Өзбекстан, Үндістан, Моңғолия, Пәкістан, Қытай, Жапония сияқты елдердің өкілдері де бәсекелес бола алады. Олар жақында Нагоя қаласында өткен соңғы халықаралық оқу-жаттығу жиынында Қазақстан құрамасымен бірге бір залда жаттықты.

     

    Әңгімелескен,

    Дастан КЕНЖАЛИН

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *