• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Түркістанда жаңа футбол клубы құрылады

    Бүгін Түркістан қаласындағы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев 2018 жылға қорытынды жасап, алдағы мақсат-міндеттер туралы айтып берді, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

    Оның айтуынша, былтыр облыс спортшылары Қазақстан чемпионаттары мен біріншіліктеріне қатысып, 387 алтын, 382 күміс, 365 қола медаль алса,  Азия чемпионаттарында  73 алтын, 58 күміс және 38 қола медальға ие болған. Әлем чемпионаттары мен кубоктарында түркістандық сайыпқырандар 32 алтын, 15 күміс және 16 қола жүлдені жеңіп алды. Ал Индонезияда өткен жазғы Азия ойындарынан Түркістан облысының спортшылары 2 алтын, 2 күміс және 5 қола медальді иеленді.

    –Бүгінгі таңда Түркістан облысында спортты дамыту бағытындағы жоспарлар мен бастамаларға облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы қолдау білдіріп отыр. Өңірге мықты спортшылар мен жаттықтырушыларды тартуды көздеп отырмыз. Тек өз еліміздің азаматтарын ғана шақырамыз. Мен шетелден легионер шақыруға түбегейлі қарсымын. Олар ақшасын алады да елдеріне кетеді. Бекзат, Мұхтархан, Ермахан сияқты жігіттер ауыл-аймақтарда баршылық. Соларды спортқа баулып, чемпиондар дайындыуымыз керек. Алдағы уақытта Түркістан қаласында заманауи жабық стадион және өзге де спорт кешендері салынады.  Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Тұран» спорт клубын, «Түркістан» кәсіпқой бокс клубын, Ату және спорттың ұқсас түрлері мектебін, Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған футбол мектебін және Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебін ашсақ деген жоспарымыз бар. Басты мақсат – Токио Олимпиадасына жолдаманы көбейтіп, жүлдегерлер дайындау. Осы ретте дзюдодан Дидар Хамза, бокстан Қайрат Ералиев, Бек Нұрмағамбет және ескек есу спортындағы өрендерімізге үміт артамыз, – деді Полат Наурызбайұлы.

    Бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2018 жылы облыс аумағында 4026  спорттық іс-шара өткізіліп, оған 571,2 мың адам қатысқан. Облыс тұрғындарының спортпен шұғылдану көрсеткіші  28,9 пайызға жеткен.

    Сонымен бірге, Түркістан облысының спортшылары Ауыл жасөспірімдерінің ІІ жазғы ойындарында жалпыкомандалық екінші орынды иеленсе, мектеп және колледж оқушылары арасындағы жазғы Спартакиадада бірінші орынды жеңіп алды.

    Басқарма басшысы облыста баскетбол, волейбол және футбол сынды командалық спорт түрлеріне де қолдау күшейетінін айтты.

    –Таяу уақытта «Тұран» атты футбол клубын құруды жоспарлап отырмыз. Ол премьер-лигада ойнайтын мықты команда болады. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің облыстық футбол мектебі ашылады, – деді басқарма басшысы.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *