АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен U23 әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы үш медальмен толықты.
Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының соңғы мәліметіне қарағанда, грек-рим күресінен 87 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз Темірлан Тұрдақын (суретте) финалда ирандық Ясин Әли Яздимен белдесіп, 0:4 есебімен жеңілді. Сөйтіп, балуанымыз күміс медальге ие болды.
Сондай-ақ бүгін Арсен Жұма (-55 кг) үшінші орын үшін өткен белдесуде Қырғызстанның өкілі Барсбек Асанқожоевты жеңіп, қола жүлдегер атанды. Тағы бір спортшымыз Джохар Узаров аса ауыр салмақта Армения өкілінен басым түсіп, қола медальді қанағат тұтты.
Осылайша, грек-рим күресінен Қазақстан командасы әлем чемпионатында бес жүлдемен жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады. Осыған дейін Айбек Айтбеков (-60 кг) пен Юсуф Ашрапов (-72 кг) чемпион атанған еді.
Енді әлемдік додадағы белдесулер әйелдер күресімен жалғасады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары