• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақтың төрт мергені әлем чемпионатына қатысып жатыр

    Бірер күн бұрын қос жаттықтырушы бастаған төрт таңдаулы мергеніміз  Оңтүстік Кореяда ат үстінен садақ атудан  ұйымдастырылған әлем чемпионатына аттанған болатын. Қазіргі кезде  Ералхан Айкөз, Абзал Тулыбеков,  Айтбек Сарыбай, Бабажан Бақдәулет есімді спортшыларымыз Оңтүстік Кореяның Каңвондо провинциясындағы Сокхчо қаласында  өтіп жатқан XV әлем чемпионатында бақ сынауда.

    Жанкүйер жадына салып өтелік, біздің мергендеріміз Оңтүстік Кореядағы әлем чемпионатына биыл екінші  мәрте қатысуда. Өткен жылы дәл осы Сокхчо қаласында 23 мемлекеттің мергендері қатысқан  чемпионатта  Абзал Тулыбеков пен Елдос Бадашев командалық жарыстан жеңімпаз атанып оралған болатын.

    Суретте:  XV әлем чемпионатына қатысушы қазақ сұрмергендері.  (Солдан оңға қарай) 2019 жылы елордада өткен «»Алтын жебе» І әлем чемпионатының чемпионы  Ералхан Айкөз, 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өткен XІV әлем чемпионатының командалық жарысында жеңімпаз атанған Абзал Тулыбеков,  2017-2018 жылы өткен «Алтын жебе» халықаралық турнирінің күміс, қола жүлдегері Айтбек Сарыбай және 2019 жылы  Алматыда өткен  жастар арасындағы І Азия чемпионатында жамбы атудан чемпион атанған Бабажан Бақдәулет.

    Жамбы ату спортынан республикалық бас төреші, еліміздің айтулы мергендерінің бірі Елдос Бадашевтің хабарлауынша, өткен жылғы әлем чемпионаты қарсаңында семинар ұйымдастырылып, сол семинарда қазақтың   жамбы ату сайысы «Қазақ стилі» деген атаумен таныстырылған екен. Біздің мергендер жамбы атудың әдіс-тәсілдерін көрсеткен. Сонда Жамбы атудың бәсекесіне қатты қызыққан  Оңтүстік Корея Республикасындағы Дүниежүзілік ат үстінен садақ ату федерациясының президенті Ким Юнг Суп мырза  семинар соңында «Қазақ стилін» келесі жылғы әлем чемпионатына қосуға уәде берген. Міне, Дүниежүзілік ат үстінен садақ ату федерациясының президенті сол уәде үдесінен шығып, XV әлем чемпионатында дүниежүзі мергендері тұңғыш рет «Қазақ стилі» бәсекесінен де бақ сынамақшы. Елдос Бадашев биылғы семинарда да жамбы ату жарысы туралы кең көлемде баяндама жасаған. Олай болса, осы жылғы елімізде жамбы атудан өткен Жастар арасындағы І Азия чемпионаты мен  «Алтын жебе» І әлемдік бәсекеде топ жарған біздің сұрмергендеріміз Кореядағы әлемдік додадан да олжалы оралады деп үміттенеміз.

    Ат үстінен садақ атудан XV әлем чемпионаты 27 тамыз күні басталды. Мергендерімізді әлемдік бәсекеге бастап барған жаттықтырушылар Елдос Бадашев пен Арслан Қабжанов. Чемпионат 1 қыркүйек күні аяқталады.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *