• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

     Қазақ көкпаршылары қарт құрлықтан келді

    Венгрияның «OMEK EXPO» атты әйгілі агромәдени көрмесі аясында 28-29 қыркүйекте Будапешт қаласының іргесіндегі Болотон атты елдімекенде көкпардан Дипломатиялық Кубок өтті. Бұл туралы Ұлттық спорт қауымдастығы хабарлады.

    Бұл жарыста Түркістан облысының «Құлагер» көкпар командасының негізгі мүшелері Сайдулла Асланбек, Сабыров Байдыбек, Мырзабаев Нұржігіт, Айтбаев Темірхан,Төлеп Нұрислам, Айтан Дәулет, Шырынқұлов Бақтыбай өнер көрсетті. Команданы бастап барған Қазақстан Республикасы ұлттық спорт түрлерінен бас жаттықтырушы Қуанышбек Құрамаев. Қазақстан мен Венгрия командалары арасындағы жолдастық кездесуді Еуропа жұртшылығы қатарынан екі күн тамашалады.

    Жолдастық кездесуде 6:4 есебімен жеңіске жеткен қазақ көкпаршылары Дипломатиялық Кубокты олжалап қайтты. Сондай-ақ, біздің көкпаршылар  көкпардан тұңғыш ұйымдастырылған  Венгрияның  ашық чемпионатына қатысып, мажарстандық 5 команданы да айқын басымдылықпен ұтқан. Қазақстан-Мажарстан жолдастық кездесудің негізгі ұйымдастырушысы, Венгрия этноспорт федерациясының басшысы Иштван Бенцзенің айтуынша,  Еуропа төрінде өткен бұл көкпар ойындары 20-26 қарашада Өзбекстанда болатын көкпардан ІІ Әлем чемпионатына Мажарстан ұлттық көкпар командасының даярлығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған.

    Еске сала өтелік, қазақ көкпаршыларының Еуропа төрінде көкпар шабуы осымен екінші рет. Алғаш рет біздің жігіттеріміз 1996 жылы Мажарстанның Кешкемет қаласында өткен І Дүниежүзілік фестивальда көкпар, аударыспақ, теңге ілуден үздік өнер көрсетіп, тұңғыш фестивальдың Гран-при жүлдесін олжалап оралған. Сондай-ақ, қазақ көкпаршылары Түркияда өткен бәсекеде (2012, 2018) бас жүлдені иеленіп, өткен жылдың желтоқсан айында көкпардан Қазақстан ұлттық құрама командасы екі апталық оқу-жаттығу жиынын Анталияда өткізді.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *