• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Тоқсан жылға арналған торқалы той

    Қазақ спортын өрге сүйреп, еліміздегі жалпы спорттың дамуына бар ғұмырын сарп етіп үлесін қосқан асыл азаматтар жетеді. Солардың бірі де бірегейі Каркен Ахметов еді.

    «Жақсылық суға батпас, жарыққа бір шығар, жатпас», – деген екен халық даналығы. Жақсы істерімен халық ауызында қалған ардақты жан Каркен Ахметов тірі болса биыл 90 жасқа толмақ екен. Енді сол ел құрметіне бөленген асыл азмат туралы еске ала отырсақ.

    Алматыда қазіргі күні қала көркін кіргізіп тұрған айталық, Балуан Шолақ спорт сарайы, Орталық стадион, шаңғы трамплині, атақты «Медеу» мұз айдыны сияқты ірі спорт кешендерінің салуына ықпал еткен Каркен Ахметов болғанын біреу білсе біреу білмес. Бұл құрылыстар сонау 1960-1970 жылдары бой көтерген болатын. Айтулы спорт ғимараттарының тұсауы кесілгелі бері бүгінгі таңға дейін әлемдік деңгейдегі аламан жарыстар үзбей өткізіліп келеді. Ең бастысы, Каркен атамыздың көңілінде маза бермеген арманы ол «Медеу» мұз айдыны болса керек. Алған бетінен қайтпайтын қайсар азамат барлық басшылыққа мұз айдынының Қазақстан үшін маңыздылығы мен болашағы қандай болатынын сол уақыттары қисық мінез шекпенділерге дәлелдей отырып, ақыры салуға рұқсаттарын алыпты. Сол кездегі солақай саясаттың салқыны тимеген Қазақстанда сала бар ма еді десеңіші. Каркеннің еңбекқорлығын, өжеттілігін, қабілеттілігін, сауаттылығын көре алмаған кейбірлеулердің пендешілігі зиянын тигізіп, артынан Мәскеуге домалақ арыз жазып, тіпті Мемлекеттік сыйлықтан да құр қағылдырған.

    «Алтынның қолда барда қадірі жоқ», – демекші, ол аздай ардақты жанды басқа жұмысқа ауысуына мәжбүр еткен. Дегенмен де алған ісін аяғына жеткізбей қоймайтын асыл азаматқа әділдік орнап қайта қызметіне оралып, Медеу шатқалындағы адам аяғы баспайтын қалың жыңғылды тазартып, тау қопартып тас жарып, ғаламат мұз айдынын салдырып ел игілігіне бергізуге зор үлесін қосқан азамат ретінде ел спортының тарихында аты жазылып қалды. Ол кезде Каркен Ахметов Қазақ ССР Министрлер кеңесі жанындағы спорт комитетінің төрағасы қызметін атқара жүріп, республикамызда үлкен спорттың қарқындауына жаңа серпін әкелген ерекше жан болатын. Мысалы, 1950 жылдары елімізде бар жоғы 12 стадион болса, Каркен Ахметов бұлардың санын 108 жеткізген екен. Ал, екі балалар спорт мектебі болса, ол санды 340 дейін жеткізіп өзгерткен екен.

    Жалпы айтқанда материалдық инфрақұрылымды дамытуды көздеген білгір маман спорт мектептері мен спорт базаларын көбейте отырып, білікті жаттықтырушыларды үлкен спортқа тартып оларға жағдай туғызуды қолға алады. Сонымен бірге нәтиже берулерін өзі арнайы қадағалап отырған екен. Осылайша, ақылына парасаты сай, білікті маман, білгір басшы Каркен Ахметовтың қазақ спортындағы салып кеткен сара жолын күні бүгінге дейін халық сағына еске алып отырады.

    Биыл асыл азамат, ардақты тұлға аман болса торқалы тоқсан жасын тойламақ еді. Оңтүстік астанамызда Каркен Ахметовтың атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжі бар екенін барша жұрт жақсы біледі. Ел құрмет еткен жанды еске алу шараларын айтулы мектеп көптің алды болып бастап кетті. Каркен Ахметовтың туған күні 24 қаңтарға орай, айтулы мектеп қабырғасында үлкен спорттық шара ұйымдастырылды. Мектеп ұжымының қызметкерелері арасында волейбол, үстел теннисі, дартстан тартысты жарыстар өтті. Сын алаңдарында жеңіс үшін жан аямай озық шыққандар жарыс соңында құрметпен марапатталып, спорттық сайыстар Каркен Ахметовты еске алу шарасымен жалғасқан еді.

    Бұл шараға Каркен Ахметовтың балалары, немерелері түгелдей келіп қатысып, әкелерін ұмытпай осындай игі істермен еске алып отырған мектеп ұжымына үлкен алғыстарын білдірді. Шара барысында Каркен Ахметовтың атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің директоры Сейілхан Қарақов ардақты жанның қазақ спортының дамуына қосқан зор үлесін ерекше айтып өтіп, бүгінгі күні айтулы спорт мектебінің қабырғасынан түлеп ұшқан спортшылардың халықаралық, әлемдік, олимпиадалық жарыстарда жүлде салып, ел мақтаныштары болып отырғандығын тілге тиек еттті. Сонымен бірге айтулы тұлға туралы түсірілген деректі фильм экраннан көрсетіліп, қатысушылар үлкен әсер алды. Ал, шараның соңына қарай, Каркен Ахметовтың туған ұлы Нұрлан Ахметов өз кезегінде мектеп мұражайына әкелерінің спорт жеңімпаздарының қолын алып тұрған тарихи суретін тарту етті.

    Осылайша «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өшпейді, ұстаның таты өлмейді», – демекші, ел спортының дамуына өлшеусіз із қалдырған тұғырлы тұлға Каркен Ахметовты еске алуға арналған спорттық шаралар мәресіне жетіп, қатысушылар үлкен әсермен тарқасты.

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *