Бүгін Түрікменстанның астанасы Ашхабад қаласында жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтіп жатқан V Азия ойындарында Қазақстан спортшылары өзбектерді басып озып, командалық есепте төртінші орынға көтерілді.
Бірер сағат бұрын Өзбекстан мен Қазақстан спортшылары алтын медальдар саны жағынан теңескен болатын. Міне, көп ұзамай отандастарымыз ел қоржынына екі алтын медаль салып, өзбекстандықтарды бесінші орынға сырғытты.
Қазіргі уақытта Қазақстан қоржынында 25 алтын, 26 күміс, 33 қола медаль болса, Өзбекстанда 23 алтын, 30 күміс, 67 қола медаль бар. Ал көш басында Түрікменстан спортшылары тұр. Олар жалпы медальдар санын 236-ға жеткізді, оның 87-сі — алтын, 67-сі — күміс, 82-сі — қола медаль. Екінші орында екі күннен бері Қытай спортшылары ешкімге бермей келеді. Олардың еншісінде 38 алтын, 28 күміс, 23 қола, жалпы 89 медаль бар. Үшінші орынға 26 алтын, 18 күміс, 59 қола, барлығы 103 медаль иеленген Иран құрамасы жайғасып отыр.
Дүбірлі дода ертең, яғни 27 қыркүйек күні өз мәресіне жетеді. Бұл додада ел намысын қорғауға Қазақстанның 150 спортшысы аттанған болатын. Олар жарыстың 17 түрінен сынға түсуде.