Бүгін Алматы қаласындағы Қазақ Спорт және Туризм академиясында спорт саласы бойынша жыл үздіктерін марапаттау рәсімі болып өтті. Осымен бесінші жыл қатарынан өткен іс-шараның маңыздылығы орасан зор. Біріншіден, бұл жолғы марапат Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналса, екіншіден, әлемдегі ең үздік оқу орыны мен қазақ тілінде жарық көретін спорт журналының ұйғарымымен еліміздің түкпір-түкпірінен шын мықтылар анықталып, халықтың атынан марапатқа ие болды.
Ұлттық спортымызды ұлықтап жүретін «Топжарған» этно-өнер орталығы жігіттерінің таңдай қақтырар өнерімен ашылған кеш Мұсағали Тасқалиев пен Орынгүл Исмағұлованың «Бауыржан батыр» әніне жалғасты. Әнді жанды дауыста Ақтау қаласынан арнайы келген ҚР Мәдениет қайраткері, Маңғыстау облыстық филармониясының әншісі, Қарақия ауданының құрметті азаматы Жоламан Көшкінов нақышына келтіріп орындады.
Бауыржан Момышұлына арналған әнмен кеш шымылдығының ашылуының себебі, 24 желтоқсан батырдың туған күні. Ұйымдастырушылар осы арқылы аты аңызға айналған тұлғаға құрмет көрсетті.
Кешке ауыр атлетикадан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев және грек-рим күресінен Азия чемпионы, ардагерлер арасында әлем чемпионы Ербол Қоңыратов секілді қазақ спортының саңлақтары қатысып, жыл үздіктері олардың қолынан марапатқа ие болды.
Сонымен қатар қазақтың Қажымұқаны атанған алып күш иесі Тимур Спатаев кешке қатысушыларға өз өнерін көрсетсе, қазақ эстрадасының жұлдыздары Өктем Алтаев, Есет Сәдуақасов және Естай Әлекеевтер патриоттық әндер шырқады.
Енді сіздердің назарларыңызға жүзден жүйрік шығып, «Жыл үздігі-2021» номинациясының жеңімпаздары атанған дарабоздармен таныстыра кетейік:
«Үздік спортқа жанашыр қала әкімі» — Жақсылық Омар (Өскемен қаласының әкімі), «Үздік спортқа жанашыр аудан әкімі» — Әділкерей Әуелбаев (Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданының әкімі) және Асылбек Шаменов (Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының әкімі).
«Үздік облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы» — Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы (Басшысы Нұрбақыт Теңізбаев), «Үздік аудандық спорт бөлімі» — Қызылорда облысы, Жаңақорған аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі (Басшысы Махмут Рахымжанов), «Үздік аудандық спорт мектебі» — БҚО, Бөрлі аудандық спорт мектебі (Басшысы Есенаман Стамғазиев), «Үздік спортқа жанашыр мектеп» — Тараз қаласы, Ы.Алтынсарин атындағы № 49 мектеп-гимназия (Директоры Гүлфия Жолдасова), «Үздік спорт мектебі» — Маңғыстау облыстық «Жас батыр» спорт мектебі (Басшысы — Манарбек Бисекенов), «Үздік белбеу күрес федерациясы» — Қызылорда облыстық белбеу күрес федерациясы (Президенті Мадияр Ахметов), «Үздік ұлттық құрама бапкері» — Біржан Имаханов (ҚР самбодан ұлттық құраманың бас бапкері), «Үздік спорт клуб» — ҚР ҚМ ОСК (Басшысы Айталап Құрғамбаев), «Үздік самбо федерациясы» — Маңғыстау облыстық самбо федерациясы (Президенті Бекнұр Балиұлы), «Үздік қазақ күрес федерациясы» — Маңғыстау облыстық қазақ күрес федерациясы (Президенті Аббат Өрісбаев), «Үздік дойбы федерациясы» — БҚО дойбы федерациясы (Президенті Жарқын Тәжіғалиев), «Үздік бәйге федерациясы» — БҚО, Казталов аудандық бәйге федерациясы (Президенті Нұрболат Әдиетов), «Үздік ММА промоутерлік компаниясы» — «Turan FC» промоутерлік компаниясы (Президенті Әлімжан Бектаев, Шымкент қаласы), «Үздік жауынгерлік клуб» — «Алаш прайд Түркістан» клубы (Президенті Мұрат Аханов), «Үздік спорт мектебі» — Жекпе-жек спорт түрлерінен ОРМБЖМ (Директоры Абай Бакманов, БҚО) және «Сұлтан Гүлдала» спорт мектебі (Директоры Сұлтанмұрат Сасиков, Талғар қаласы), «Үздік ұлттық спорт жанашыры» — «Qazaq Golden Steed» ЖШС (Президенті Ертілеу Сатыбалдиев) және Мұрат Қозыбаев (Алматы облысы) пен Құрманбек Ахметов (Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы), «Үздік ұлттық спортқа жанашыр орталық» — «Топжарған» этно-өнер орталығы (Жетекшісі Ғабит Таңатов), «Үздік ардагер спортшы» — Марал Көшенов (Атырау қаласы) және Игорь Заднепрянный (Қостанай облысы), «Үздік балалар-жасөспірімдер клубы» — Жылыой ДШК (Басшысы Айбек Алтаев, Атырау облысы), «Үздік белбеу күрес балуаны» — Бекбол Нұрланұлы (Ақмола облысы) және Мереке Құдайбергенова (Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы), «Үздік белбеу күрес бапкері» — Нұрлан Мәулен (Ақмола облысы) және Әбдісаттар Садықов (Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы), «Үздік атбегі» — Нұржігіт Табылдиев (Алматы облысы), «Үздік самбо спортшысы» — Гүлдана Әлмұхамбетова (Маңғыстау облысы), «Үздік самбо күрес бапкері» — Берік Жұмағалиев (Маңғыстау облысы), «Үздік қазақ күрес балуаны» — Нұрдәулет Жарылғапов (Маңғыстау облысы), «Үздік триатлон спортшысы» — Марат Оразалиев (Атырау облысы), «Үздік төреші» — Нұрлан Құрманғазин (Ақтөбе облысы), «Үздік құсбегі» — Қуаныш Исабеков (Алматы облысы), «Үздік армрестлинг спортшысы» — Қыдырғали Оңғарбаев (Түркістан облысы, Шардара ауданы), «Үздік дзюдо спортшысы» — Алмас Атаев (ШҚО), «Үздік жекпе-жек спортшысы» — Тимур Оразов (ШҚО), «Үздік жас муайтай спортшысы» — Юсуф Мұхтасип (Алматы облысы), «Үздік муайтай бапкері» — Бағытжан Мұхамбеталиев (Алматы облысы), «Үздік жас шабандоз» — Аңсар Арыстанбек (Алматы облысы), «Үздік жас ММА спортшысы» — Тұрсын Нұржігіт (Алматы облысы), «Үздік каратэ-шотокан спортшысы» — Аяжан Ғаниқызы және Арай Смет (Екеуі де Жамбыл облысы), «Үздік каратэ-шотокан бапкері» — Бағлан Құлбаев (Жамбыл облысы), «Үздік спорт журналисі» — Қайрат Әбілда («Егемен Қазақстан» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі), «Үздік баспасөз хатшысы» — Ардақ Тоғым (Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған республикалық мектеп-интернат колледжінің баспасөз хатшысы, Нұр-Сұлтан қаласы), «Үздік ютуб арнасы» — «Аралас жекпе-жек» арнасы (Алматы қаласы), «Үздік спорт әдіскері» — Сәкен Кіржібаев (ШҚО, Аягөз ауданы), «Үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі» — Серік Қожамбаев (ШҚО), Атлас Мұхтар (Ақтөбе облысы), Айдын Прмаханбетов (Жамбыл облысы), Санат Қайыров (Алматы қаласы), Кабулжан Эгамбердиев (Түркістан облысы), «Үздік спортшы ұстаз» — Байқабыл Жолдыбаев (Ақтөбе қаласы, Физика-математика пәні мұғалімі).
Сонымен қатар әркез спортқа қолдау көрсетіп, ауылдарда спорт кешендерін салып, жарыстар өткізіп, ауыл спортшыларына қаржылай демеушілік танытып жүрген бір топ азамат «Үздік спорт жанашыры» номинациясының жеңімпазы атанды. Олар: Айтбай Көшербайұлы (Қызылорда облысы, Қазалы ауданы), Рүстем Мұқатов (Алматы қаласы), Айдос Ақжанов (Маңғыстау облысы), Баймұхамед Қозыбаев, Бауыржан Көпеев, Самат Жұмбеков (Үшеуі де Қызылорда облысы, Шиелі ауданы), Талғат Исқақов, Болатбек Балғабаев, Бақыт Берділлаев, Гүлжайна Рысбаева, Мейірбек Үсенов (Бесеуі де Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы) және Сейлхан Абдықадыров (Маңғыстау облысы).
Кеш барысында бұдан бөлек есімі елге белгілі спорт комментаторы Ержан Мұқаш халықаралық журналистер одағының мүшелігі куәлігі мен төсбелгісіне ие болса, ұзақ жыл Семей өңірінде басшылық қызметтер атқарған Әшім Жобулаев ағамыз бен грек-рим күресінен Азия чемпионы, ардагерлер арасында әлем чемпионы Ербол Қоңыратовтың анасы Күлжанат Ниязбекқызы апамыз және басқа да қазақ спортының дамуына өз үлесін қосып жүрген азаматтар арнайы марапатқа ие болды.
Осылайша еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ардақты азаматтар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ел үшін атқарып жүрген еңбектерінің жемісін көріп, бір марқайып қалды. Жүзден жүйрік шыққандардың барлығы осы іс-шараны бес жыл қатарынан өткізіп, елдің алғысына бөленіп жүрген Қазақ Спорт және Туризм академиясы мен «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының ұжымына ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды.
«Алтын деген жер сыйы,
Алғыс деген ел сыйы», — дейді дана халқымыз. Көп тілегі қабыл болып, жақсы күндеріміз көп болсын ағайын! Қазақ спортының алар асуы бұдан да биік болсын! Барлық марапатқа ие болған үздіктерді шын жүректен құттықтаймыз! Келесі марапат сіздерге Ақорда төрінен бұйырсын!
Жандос АЯНБЕКҰЛЫ
АЛМАТЫ