Баскетбол олимпиадалық спорт түрі болғандықтан жарыстың бұл түріне жастарды тарту өте маңызды. Әсіресе, қыздар арасында өзіміздің қаракөз жастарымызда баулап, қызықтыра білудің орны ерекше.
Бүгінгі таңда Алматы облысы осы спорт түрін дамытуды кеңінен қолға алып отыр. Оған жиілетіп өтіп жатқан жарыстар дәлел болады. Баскетболдан әсіресе, қыздар арасында Іле ауданының жастар мен жасөпірімдер командалары қамшы салдырмай алда келеді. Негізі, әрбір спортты дамыту үшін оған қажетті спорт инвентары керек екені белгілі. Іле ауданы Өтеген кентінде баскетбол спортымен айналыстан жасөспірімдер көп жылдан бері өзінің стандартқа сай спорт залының жоқтығынан біраз қиыншылықты бастарынан кешкен екен. Олар көптен бері М.Мақатаев атындағы №13 орта мектептің спорт залын жалға алып жаттығуларын жалғастырып келіпті. «Жоқ жомарттың қолын байлайды», демекші, қажетті спорт баспанасының жоқтығынан балалар додалы жарыстарға да қатыса аламай, егер барып жатса бар мүмкіндігін аша алмай ауыр сәттерге кез болады.
Түннің артынан күн шығатыны сияқты, Өтеген кентінде 2011 жылы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылып, зәулім спорт кешені қолданысқа беріле бастайды. Сол сәттен бастап, спорттың бірнеше түрі, соның ішінде баскетбол да түрленіп сала береді. Әсіресі, 2021 жылы спорт мектебіне қазақ күресінен Қазақстанның тұңғыш «барысы» Ұлан Рысқұлдың басшылыққа келуі сол-ақ екен, спорттың барлық саласы жайнап сала берді десе болады. Өйткені, қазақ күресінің майын ішіп жілігін шаққан даңқты балуан, спорттың қазанында қайнап өскендіктен жеңістің қалай келетінін жақсы білетін еді. Танымал балуан алдымен жастарға қажетті жағдай жасауды қолға алады. Мысалы, баскетболдың жылжымалы доп тастайтын тор сеткасы бар тақтаның жаңасын алып әкеліп қойғаннан бастап, баскетболға құмар жеткіншектер сүйікті спортымен белсене жаттығып, жеңістерге жете бастаған екен. Ал, сондай баскетбол спорты үшін ауадай қажет спорт инвентары бұрын-соңды болмапты. Сондықтан да Ұланның жасөспірімдерге жасаған демеуіне риза болған жас шеберлер сүйікті спорттарының жемісін бере бастайды. Облыстық, республикалық жарыстарға үзбей қатысып жүлделі орындардан көріну көп күттірмеген екен. Қолдау, қамқорлықтың арқасында жеңістер де жайлап келе бастайды.
Жуырда Есік қаласында баскетболдың кіші түрі стритболдан 18 жастан үлкен әйелдер арасында өткен Алматы облысының чемпионатына қатысқан Іле ауданы бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынды Талғар командасы, үшінші орынды Еңбекші қазақ ауданының командасы түйіндепті. Америкалықтар ойлап шығарған стритбол спортына үш спортшыдан қатысады. Алдымен көше ойыны болып келген бұл спорт түрі қазіргі таңда үлкен аламан жарыстар өтетін спорттың кең таралып бара жатқан түріне айналып келеді. Қазақстанда да бұл спорт түрі кенжелеп қалмай, қазіргі күні ел чемпионаттарын ұйымдыстарылып, дамып барады.
Іле ауданы Өтеген кентінде орналасқан Балалар мен жасөпірімдер атындағы спорт мектебінде жаттығатын оқушылар да алдыңғы толқын апайларының ізін басып, едәуір жетістіктерге жете бастады. Жақында Қонашв қаласында кіші баскетбол яғни, стритбол түрінен 2007 — 2008 жылғы қыздар арасында Алматы облысының біріншілігі ұйымдастырылып, Іле ауданының оқушылары жүлделі үшінші орынды иеленді. Бұл қыздарды жаттықтыруда жанын салып жүрген Өтеген кентіндегі спорт мектебінің бапкері Шолпан Жамбылова еңбегі зор екенін айтсақ болады. Тағы бір айта кетер жәй, осы спорт мектебінен қанаттарын қамдаған дарынды жас Назерке Төкенова мен Аружан Ақыпбекова қазіргі кезде жергілікті жұрттың мақтаныштарына айналып келеді. Айтулы екі спортшы облыс құрамысына еніп, республикаық жарыстарда өз өңірлерінің намысын абыроймен қорғап жүр екен. Ендеше, Іле ауданында баскетбол спортының қарқыны жаман емес деуге болады. Кім білсін алдағы уақытта Алла нәсіп етіп, Қазақстан құрамысының сапында Іленің қос қызы тамаша ойындарымен көзге түсіп жатса, бұрымды арулардың қандай спорт мектебінен тәлім алғынан міндетті түрде еске аларымыз. Оны әрине, уақыт көрсетеді. Әзірге жаттықтырушылардың алға қойған басты мақсаты — ел чемпионатында жүлделі орындардан көріну.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
Алматы облысы, Іле ауданы