УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі сатысында «Қайрат» пен «Аят» қорытынды матчтарын өткізді.
Бірінші топтағы матчта «Қайрат» Францияның «Спортинг Париж» клубын 3:2 есебімен ұтып, турнирдің элиталық сатысына жолдама алды.
Кездесуде «Қайрат» сапынан Дәурен Тұрсағұлов 2-минутта есеп ашса, Кайо Руис 24-минутта екінші голды салды. Ал Диего Фаверо 29-минутта үшінші голдың авторы атанды. Одан кейін «Спортинг Париж» командасы «Қайраттың» қақпасына екі доп соқты.
Осыған дейін «Қайрат» Испанияның «Пальмасымен» 2:2 тең түссе, Бельгияның «Халле-Гооик» клубымен де 2:2 есебімен тең тарқасқан еді.
Элиталы раундтың жеребе тарту рәсімі 8 қарашаға жоспарланған. Ал матчтар 27-28 қараша күндері өтеді.
«Аят» командасы Хорватияның «Пула» клубымен кездесіп, 2:5 есебімен жеңілді. Топтың қорытынды матчында Рудныйдың клубы жарыс жолынан шығып қалды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА