• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    «Үлкен дулыға» турнирі: Қазақстан дзюдошылары төбе көрсетті

    Әзербайжанның Баку қаласында дзюдодан өтіп жатқан «Үлкен дулыға» халықаралық тунирінде Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамасы жарысты бастап кетті.

    Әуелі 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ғұсман Қырғызбаев татамиге шығып, Моңғолия спортшысы Баянмунх Нармандахттан басым түсті. Одан кейін грузиялық дзюдошы Георгий Туташвилимен кездесіп, оны да ұтты. Ал үшінші белдесуде Ғұсманның жолы болмады. Ол молдовалық Денис Виерумен күш сынасып, ұтылып қалды. Енді  ширек финалда жеңілген спортшымыз жұбаныш белдесуінде испаниялық Гарсиа Торне Давидпен белдеседі.

    Одан басқа Бауыржан Нарбаев (60 кг) пен Шехзод Давлатов (60 кг) қарсыластарынан ұтылды.

    Тағы бір спортшымыз Алмас Ғалымов коста-рикалық дзюдошы Ян Санчо Чинчила мен сербиялық Страхиня Бунчичпен күш сынасып, ұтты. Ол серб балуанын 14 секундта «иппон» әдісімен жеңді.

    Әйелдер күресінде Дана Әбдірова мен Ғалия Тынбаева қарсыластарына есе жіберді.

    «Үлкен дулыға» кезеңінің бірінші күнінде 57 келі салмақ дәрежесінде күрескен Әбдірова итальян Тониоло Вероникадан жеңілсе, 48 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Тынбаева франциялық Боукли Ширинеден ұтылды.

    Халықаралық додада 63 елдің 400-ге жуық спортшысы күш сынасып жатыр.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *