Индонезияның астанасы Джакарта қаласында аяқталған WKF каратэден А сериясының төртінші кезеңі Қазақстан құрамасы үшін сәтті болды.
Жылдың қорытынды бәсекесіне аттанған ұлттық құраманың 14 кумите шебері 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медальді иеленіп, жалпы есепте үшінші орын алды. Отандастарымыз ката бағдарламасына қатысқан жоқ.
Әйелдер арасында 55 келіге дейінгі салмақта финалға каратэші Әсемгүл Ердәулет пен Гүлмира Үсенова шығып, алғашқысы 3:1 есебімен жеңді.
Ал екінші алтын медальді Лаура Әліқұл қоржынға салды. Ол 68 келіге дейінгі салмақтың финалында Сара Дойбледен (Швейцария) 3:0 есебімен басым түсті. Алғашқы халықаралық жарысына қатысып жатқан Лаура жартылай финалда индонезиялық Деви Трианнаны ұтқан (Есеп – 3:1).
Ерлер арасында 60 кг дейінгі салмақта Дәулет Шымырбеков соңғы жекпе-жекте марокколық Айман Такзимаға еш қарсылық көрсете алмай (0:8), күміс жүлдегер атанды. Дәулет жартылай финалда тайбэйлік Гуань-Шиун Ванды ойсыра ұтқан еді. Есеп – 6:0.
Сондай-ақ Низамитдин Халматов (-60 кг), Дамир Камал (-67 кг), Нұрнияз Елдашев (+84 кг) өз салмағында үштікті түйіндеді.
Осыған дейінгі кезеңдерді Памплона (Испания), Каир (Мысыр) мен Қожаэли (Түркия) қабылдаған. Джакартадағы татами додасына 65 мемлекеттің 670-тен астам каратэшісі жиналды. Оның ішінде ең көп спортшыны жарыс қожайыны Индонезия қосты (139). Одан кейін Үндістан (67), Тайбэй мен Украина (26-дан) тұр. А сериясының келесі кезеңі 2023 жылғы 13-15 қаңтар аралығында Грекияның астанасы Афинада өтеді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА