• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Түркістанда қазақ күресінен Азия кубогы басталды

    Түркістанда қазақ күресінен ересектер арасында Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған Азия кубогы үшін халықаралық турнирі басталды. Дәстүрлі жарыста Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай мемлекеттері мен еліміздің барлық өңірлерінен келген 300-ге жуық спортшы күш сынасады.

    Азия кубогында сайдың тасындай іріктелеген білекті де жүректі балуандарға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сабитов сәттілік тілеп, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтау хатын оқып берді.

    Қазақ күресі – ұлттық спорт түрлерінің ішінде өзіндік орны бар ерекше спорттың түрі. Қазіргі уақытта әлемнің 40-тан аса елінде ұлттық күресімізден федерациялар құрылып, жұмыс атқаруда. Қазақ күресінен Әлем, Азия, Африка және Еуропа чемпионаттары өткізіліп, дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. Кейінгі он жыл көлемінде өтіп жатқан «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» және  «Әлем Барысы» додалары да бүгінде көрермен көзайымына айналып отыр. Біз ұлттық спортымызға қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз! – делінген құттықтау хатында.

    Екі күн бойы жалғасатын балуандар белдесуінде 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 келі салмақ дәрежесіндегі үздіктер анықталатын болады. Жарыстың бас төрешісі Ерлан Иманғалиевтің айтуынша, жеңімпаздарға қаржылай сый-сипат ұсынылып, түйе балуанға автокөліктің кілті табыс етіледі.

    Жуырда Түркістан қаласында қазақ күресінен «Тұран барысы» Азия кубогы ұйымдастырылып, жарыстың нәтижесінде Қазақстан құрама командасы жеңімпаз атанған болатын. Жалпы Түркістан  облысында 4 облыстық, 28 аудандық және қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресі бөлімдері бар. Онда 148 жаттықтырушы 3600-ден аса балаға оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізеді.

     

    Ғабит САПАРБЕК,

    ТҮРКІСТАН

    Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *