Иран халқы футболдан ұлттық құрама команданың әлем чемпионатында жеңіліп қалғанын тойлады, деп хабарлады Азаттық радиосының Ирандағы қызметі.
B тобында ойнаған Иран құрамасы АҚШ-тан жеңіліп, плей-офқа өте алмай қалған еді. Сол себепті, жұрт ел астанасы Тегеран мен өзге де бірнеше қалада көшеде билеп, көлік сигналын басып, шаттанған.
Халық билікке қарсылығын осылайша білдіріп отыр. Өйткені олар Катардағы әлем чемпионаты басталғанда «исламист республиканың атынан қатысып жатқан» өз елінің құрамасын қолдаудан бас тартқан болатын.
Ақпаратқа сенсек, Иранның солтүстігінде полиция көшеге жеңілісті «тойлап» шыққан бір адамды атып тастаған.
Негізінде қазіргі билігіне осы «тойлауға» негіз болған футболшылардың өздері де қарсы. Олар биліктің наразылықты басып-жаншып жатқанына орай, Англияға қарсы матчта әнұрандарын шырқамай қойған болатын. Бірақ әнұранды Уэльс пен АҚШ-қа қарсы өткен матча айтуға тура келген. CNN-нің хабарлауынша, оларды «әнұранды айтасыңдар» деп Ислам революциясы қамқоршылар корпусының мүшелері қорқытқан көрінеді.
Бір қызығы, Иран соты 29 қарашада Уэльсті жеңген футбол құрамасының құрметіне түрмеден 715 адамды босатқан. Олардың арасында жаппай наразылық кезінде ұсталғандар да бар.
Еркеғали БЕЙСЕНОВ,
АСТАНА