• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Желтоқсан қаһармандары тағы алаңға шықты

    Биыл еліміз тәуелсіздігінің таңының арайлап атқанына 35 жыл толды. Алаш жұрты ғасырлар бойы тарам-тарам ұрпақ арқылы арман еткен ел тәуелсіздігін жеңіп алып берген Желтоқсан батырлары тарих бетінде өшпес із қалдырғаны даусыз.Ал енді сол  бастарын ақ шалған тәуелсіздігіміз үшін жан беріп, қан төккен  Желтоқсан қаhармандары бүгінде  салауатты өмір салтын насихаттап, өскелең ұрпаққа үлгі болып жүр.

    Алматы қаласындағы «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің Әуезов ауданындағы филиалының қолдауымен шағын футболдан, дартс, тұмақ ұру, арқан тарту, волейбол  секілді спорт түрлерінен дүбірлі де думанды Спартакиада ұйымдастырылды. Негізі осындай жарыстар Желтоқсан ардагерлері үшін үлкен бір басқосу, көңілді нұрлы кездесу, сыр-шер тарқасып бір марқайып қайту екенін анық. Сондықтан да батырлар осындай ізгілікті спорт шараларын асыға күтеді.

    Жарыстың салтанатты ашылуында Желтоқсан ардагері Жұмабай Тәжібаев  аға Желтоқсан әнұранын  тартымды әуезбен орындап замандастарын риза етті. Сосын Әуезов ауданының әкімшілігінен келген өкілдер жарысты жалында сөздермен  бастап берді.«Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің  төрағасы Болат Құрымбаев, спорт секторы Ермек Айтуаров және «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің Әуезов ауданы филиалының төрайымы  Алмагүл  Мұхаманова осы жарысты өткізуге зор үлестерін қосып, көпшліктің зор алғысын алды.

    Сонымен ашылу салтанаты аяқталғаннан кейін, шағын футболдан жарыс басталып кетті. Қатар өтіп жатқан спорт алаңдарында желтоқсаншылар дартс, арқан тарту, асық ату, тұмақ ұру секлді спорт түрлерінен күштерін сынауға бет алды. Әсіресе, көрермендерінің көз тоймас тартысты ойынға бөлеген шағын футболдан жарысы болды. Алматы қаласының әр ауданында жасыл алаң төріне 6 команда шығып, жеңіс үшін күні бойы керемет ойын көрсетті. Жастары 60-ты алқымдаған, кейбірі тіпті жетпістің асуын бағындырып отырған ардагер батырлар спорттан құра алақан емес екендіктерін тартысты  ойындарымен паш ете білді. Жанкүйерлер ардагерлердің әрбір соққан голына құрметін қол шаплақтап көрсетіп дем беріп отырды.

    Хош, сонымен шағын футболдан өткен кескілескен ойын қортындысы бойынша бас жүлдені Тукен Смағұлов бастаған Жетісу ауданының командасы жеңіп алды. Екінші және үшінші орындарды орында Әуезов пен Алатау аудандарының командалары иеленді.  Сондай-ақ, тұмақ ұру, асық ату, секілді спорт түрлерінен де Жетісу ауданы қамшы салдырмай бас жүлделерді жеңіп алды.

    Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер құрметпен марапатталып, естелікке суретке түсіп жатты.  Жалпы, Желтоқсан батырларын билік, қоғам дейміз бе, тек жылына бір келетін 16 желтоқсан күні ғана еске алып жылы қабақ танытып қояды. Иә, оған да шүкір деуге болады. Десек те ел тәуелсіздігін қанмен алып берген батырлардың ерлігін естен шығармай отырып, заңды статустарын алып беріп қолдау көрсетін уақыт келіп жетті. Өйткені, жаңа Қазақстанды құрамыз деп- ұран салған ұлтымыз өткен тарихты ұмытпай құрметпен қарауға міндетті. Желтоқсан батырларына келсек, олар жыл сайын қартаймаса жасармайтыны табиғи заңдылық. Ертеңгі күнге үмітпен қарайтын халықпыз. Сондықтан да жаңа күн жақсы жаңалығын әкелер деген үмітті батырлар арқау етеді.  Дегенменде ортамызда жүрген ардақты да арқалы желтоқсан батырларына деген құрмет жоғалмаса екен деп тілейміз. Ал, әзірге ардагер батырлар спорт алаңдарында өз-өздеріне қуаныш сыйлап осындай дүрмекті де думанды шараларын өткізуді дәстүрге айналдырып келеді. Өйткені «дені саудың жаны сау» — деген. Аман болыңыздар батырлар!

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *