• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Универсиада: Қазақстан хоккейшілері бір тур қалғанда плей-оффқа шықты

    Қысқы универсиадада шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы төртінші ойынын Словакияға қарсы өткізіп, қарсыластарын 4:0 есебімен ұтты. Осылайша отандастарымыз бір тур қалғанда плей-офф бәсекесіне шықты.

    Қазақстандық хоккейшілер В тобында Оңтүстік Корея, Венгрия, Ұлыбритания, Словакия және АҚШ-пен сынға түсуде. Атап айтқанда, 12 қаңтарда Оңтүстік Кореяны – 5:1, одан кейін Венгрияны – 9:1, Ұлыбританияны 15:1 есебімен жеңді.

    Бүгінгі ойында Қазақстан құрамасынан Максим Мухаметов (8-минут), Станислав Александров (10-минут), Батырлан Муратов (20-минут) және Олег Бойко (29-минут) шайба соқты.

    Словакия құрамасы бұған дейін Венгрияны – 4:0, Ұлыбританияны – 14:0, АҚШ-ты 5:2 есебімен жеңген еді.

    Енді Қазақстан студенттер құрамасы 18 қаңтарда АҚШ-құрамасымен кездеседі.

    Аталған топтан алғашқы екі орындағы құрамалар 21 қаңтарда өтетін жартылай финалға жолдама алады. Финал мен үшінші орын үшін ойын 22 қаңтар күні болады.

    Шайбалы хоккейден Қазақстан студенттер құрамасы дүбірлі додаға тоғыз мәрте қатысты. 1995 жылы Испанияның Хака қаласында чемпиондық тұғырға көтерілсе, 1993, 2013, 2015, 2017 жылдарда күміс, 2007 жылы қола медаль иегері атанды.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *