• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Универсиада: Қазақстан қоржынына екінші алтын медаль түсті

    Бүгін АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өтіп жатқан қысқы универсиадада Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір алтын медальмен толықты. Тұғырдан секіру жарысында Данил Васильев қарсылас шақ келтірмей, универсиаданың чемпионы атанды.

    Отандасымыз кіші трамплинде (К-90) 257.3 ұпай жинады. Алғашқы мүмкіндігінде 127.2 балл, ал финалда 130.1 ұпайға ие болды.

    Қалған қос медаль австриялық атлеттің еншісінде. Күміс жүлде Максимилиан Линерге, қола медаль Тимон Паскаль Кахоферге бұйырды.

    Тағы бір спортшымыз Сергей Ткаченко жетінші, Никита Девяткин тоғызыншы, Святослав Назаренко 21-ші, Мағжан Амангелдіұлы 22-сатыдан көрінді.

    Сондай-ақ, кеше мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров жүлдеге бір табан жетпей қалды. Ол қысқа бағдарламада алтыншы, ал еркін бағдарламада үшінші нәтиже көрсетіп, жалпы 231,08 ұпай жинады. Қола медаль үшін таласта Михаил қарсыласынан 0,25 ұпай аз алды. Мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы жарысқа 19 елдің 31 спортшысы қатысты.

    Қазір Қазақстан делегациясы екі алтын медальмен жалпы есепте алтыншы орынға көтерілді. Универсиада 22 қаңтарға дейін жалғасады.

     

    Шамкен БАЙЫРБЕК,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *