АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өтіп жатқан Қысқы Универсиададағы хоккей турнирінде қола жүлдегер анықталды. Үшінші орын үшін Қазақстан мен Жапония құрамалары ойнап, қазақстандық студенттер құрамасы қарсыластарын 8:1 есебімен ойсырата ұтты. Бұл қола – ел қоржынына Дүниежүзілік Қысқы Универсиада ойындарында түскен 10-медаль.
Матчтың 6-минутында Максим Мухаметов құраманы алға шығарды. Екінші кезеңде отандастарымыз қатарынан үш шайба салды. Онда Саян Данияр, Максим Мұхаметов, Әлихан Өмірбеков, Батырлан Мұратов қақпаны дәл көздеді. 39-минутта жапон хоккейшілері бір шайбамен жауап қайырды.
Үшінші кезеңде Әли Қасенов, Данил Бутенко бір-бір шайбаның авторы атанса, Максим Мұхаметов матчта үшінші рет мергендік танытты.
Топтық кезеңде ел құрамасы Оңтүстік Кореяны 5:1, Венгрияны 9:1, Ұлыбританияны 15:1, Словакияны 4:0 есебімен жеңіп, АҚШ құрамасына 1:4 есебімен есе жіберген еді. Ал жартылай финалда Канада құрамасынан 1:4 есебімен жеңіліп қалды.
Енді финалда ертең Астана уақытымен таңғы 04:10-да Канада мен АҚШ құрамалары кездеседі.
Шайбалы хоккейден Қазақстан студенттер құрамасы дүрмекті додаға 9 рет қатысты. 1993 жылы студенттеріміз Универсиаданың қола жүлдегері болса, 1995 жылы чемпион атанды. Одан кейін 2013, 2015, 2017 жылдары күміс жүлдені, 2007 жылы қола медальді иеленді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА