Англияның «Челси» клубы аргентиналық Энцо Фернандесті Ағылшын премьер-лигасы (АПЛ) тарихындағы ең қымбат бағаға сатып алды.
«Челси» клубы футболшы үшін Португалияның «Бенфика» командасына 121 млн еуро төлеген. Бұл туралы Португалия бағалы қағаздар нарығы комиссиясының сайтында хабарланды.
Команда 22 жастағы ойыншымен 2031 жылдың жазына дейін келісімге қол қойған.
Бұған дейін рекорд 2021 жылы «Манчестер Сити» сатып алған Джек Грилиш трансферіне тиесілі еді. Оны «Манчестер Сити» «Астон Вилладан» 100 млн еуроға сатып алған болатын.
Энцо – «Челси» сапына қаңтарда қосылған сегізінші ойыншы.
Энцо Фернандес Португалияның «Бенфика» клубында 2022 жылдың шілдесінен бері доп тепті. Биылғы маусымда барлық жарыстағы 29 матчта аргентиналық ойыншы 4 гол соғып, 7 нәтижелі пас берді.
Э.Фернандес Катарда өткен әлем чемпионатының «Үздік жас ойыншысы» атанған.
«Челси» АПЛ турнир кестесінде 10-орында келеді. Грэм Поттердің шәкірттері 8 ойында жеңіске жетіп, 5 кездесуді тең аяқтап, 29 ұпай жинады.
Лондондық команда 3 ақпан күні өз алаңында «Фулхэммен» кездеседі.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА