Жақында Минск қаласында қазақ күресінен өткен әлем чемпионатында атақты Александр Медведьпен аз-кем әңгімелесудің сәті түскен еді. Сол шағын сұхбатты оқырманның назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Александр Медведь – еркін күрестен 3 дүркін Олимпиада, 7 дүркін әлем және 3 дүркін Еуропа мен 9 дүркін КСРО чемпионы, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының құрметті президенті.
Бұл кісі бізбен әңгімеде қазақ күресінің күрес түрлерінің арасындағы ең таза, өте әдемі спорт түрі екенін айтты.
–Қазақ күресі — өте әдемі спорт түрі. Оның болашағы зор. Уақыт өте келе бұл күрес әлемдегі беделді спорттың қатарына кіреді деп ойлаймын. Ол үшін осындай жарыстарды көбірек өткізу керек. Бұл жолғы чемпионатқа 38 елден команда қатысуының өзі қазақ күресінің дұрыс бағытпен алға басып келе жатқанын көрсетеді. Ресей мен Беларусь елінің арасындағы визалық режимнің өзгеруіне байланысты бірнеше елдің палуандары Мәскеуден бері жете алмай қалды деп естіп жатырмын. Олар келгенде қатысушылар саны бұдан да көбірек болар еді. Біздің Беларусь елі қазақ күресінен әлем чемпионатын бір емес, осымен екінші рет ұйымдастырып отыр. Әлемдегі әдемі күрестің құрметті президенті ретінде сіздерге ақ жол тілей отырып, осылай жер-жүзінің кез-келген жерінде қазақ күресінің туын тігіп, насихаттай беріңіздер дегім келеді. Сол кезде жақсы нәтижеге жетуге болады, – деді ол.
Сонымен бірге аты аңызға айналған атақты палуан Қазақстанда бірнеше рет болғанын, Астана қаласының өзіне қатты ұнағанын, егер денсаулығы болса елімізге тағы да келетінін айтты.
–Мен Қазақстанда бірнеше рет болдым. Спортта жүргенде қазақтың атақты палуандарымен күрескенмін. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Сіздерде Әбілсейіт Айханов деген мықты палуан болды. Өкініштісі, оның спортта жолы болмады. Әйтпесе, Олимпиада мен әлемдік сындарда міндетті түрде топ жаратын еді. Екеуміз Спартакиадада бір-ақ рет кездестік. Қалған уақыттарда құрамада жүрген кезімізде бірге жаттығып, сыйластығымыз жақсы болды. Сосын Ақтөбеде Алексей Семкин деген құрдасым бар. Жақында менің 80 жас мерейтойыма келіп кетті. Ол КСРО халықтары Спартакиадасын ұтқан. Өзі мықты палуан болатын. Қазақ күресінің палуандарына және осы күрестің басы-қасында жүрген азаматтарға, оның ішінде қазақ күресін Олимпиадаға кіргіземін деп жүрген Серік Төкеевке тек қана сәттілік тілеймін!
Менің Қазақстанға деген құрметім, қазақ халқына деген сыйластығым ерекше. Қазақстанның жаңа астанасы да жақсы қала екен. Маған Астана өте қатты ұнады. Егер денсаулығым түзелсе, тағы да барамын деп отырмын. Сол кезде қазақ бауырларыммен тағы кездесеміз, – деді атақты Медведь.
Әңгімелескен
Мұсағали ТАСҚАЛИЕВ