Есенов университетінде біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы, Мұнайлы ауданында қол күресі спортын қалыптастырған спортшы Исембай Матенов пен шәкірті – әлем чемпионатының жүлдегері, Азия чемпионы Ыбырай Шолпанов дене шынықтыру және спорт мамандығының студентерімен кездесіп, сұрақтарға жауап берді.
«Маңғыстау облысындағы армспорттың бүгіні және болашағы» деген тақырыптағы қонақ дәрісті «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының меңгерушісі Нурсапа Ахметов ұйымдастырып, жүргізді.
И.Матеновтің өзі осы университеттің түлегі екен. Қазір Мұнайлы ауданында қол күрес үйірмесінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Барынша спортқа өз үлесін қосып келеді. Матеновтің шәкірттері әлем, Азия және Қазақстан чемпионаттарында жеңіске жетіп жүр. Ол 4 әлем чемпионатының жүлдегерін, 15 Азия чемпионатының жүлдегерін және 25 Қазақстан чемпионын, 8 Азия кубогының иегерін дайындап шығарды.
Оның шәкірттерінің бірі Аружан Қожағали да осы университеттің 1-курс студенті.
Мен қол күреске үш жыл бұрын келдім. Мұнайлы ауданы №8 орта мектептің 9-сыныбында оқитын кезім. Бір күні мектепте қол күресінен жарыс болып, мен 55 кг салмақта қол күрескем. Сол кезде қарсыласымнан жеңіліс тауып, намыстанып қол күрес үйірмесіне қатыстым. Жаттығу жасай жүрып чемпион болсам деген мақсат тұттым. Сол мақсатты орындап білікті жаттықтырушы Исембай ағайға шәкірт болдым. Осы үш жыл ішінде облыс чемпионы болып, қол күресінен спорт шеберлігіне үміткер атандым. Былтыр Ақмола облысы Шучье қаласында өткен Қазақстан кубогында екінші орын алдым. Енді алдағы уақытта қызу дайындалып, наурыз айында өтетін Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанғым келеді, – деді ол.
Кеш соңында жаттықтырушы И.Матенов пен шәкірті Ы.Шолпанов студенттерге шеберлік сабағын өткізді.
Айбек МҰХАНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Маңғыстау облысы,
Ақтау қаласы.