Теннистен еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик халықаралық турнирде тағы да жеңіліп қалды. Ол Нидерландтың Роттердам қаласында өтіп жатқан турнирде бірінші айналымынан шыға алмай, қарсыласы — швейцариялық Стэн Вавринкадан 6:7, 4:6 есебімен ұтылды.
Осылайша, Бублик қатарынан оныншы рет жеңіліп қалды. Биыл Қазақстанның үздік теннисшісі әлі бірде-бір рет жеңіске жеткен жоқ. Ол соңғы рет былтыр 27 қазанда Швейцарияның Базель қаласында өткен турнирде 1/8 финалда испаниялық Альберт Рамос-Виноласты — 6 :3, 6:3 жеңген еді. Содан кейін төрт айдан бері жеңілістен көз ашпай, қарсыластарына есе жіберіп келеді.
Мұның алдында ол Францияның Монполье қаласында өткен АТР турнирінде алаң иесі Грегуара Баррердан 4:6, 7:6(14:12), 6:7(3:7) есебімен жеңіліп, жанкүйерлердің көзінше мінез көрсетіп, бір ракеткасын кортта, тағы екеуін алаңның сыртында сындырып тастаған болатын. Оның бұл әрекеті жанкүйерлер тарапынан сынға ұшырады.
Бублик Дүниежүзілік теннис қауымдастығының рейтингінде 50-орында келеді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА