• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Қазақстан құрамасы Алматыдан турнирге аттанар алдында

    Бүгін Болгарияда бокстан Странджа кубогы үшін турнирі басталады

    Бүгін Болгарияның астанасы – София қаласында бокстан халықаралық «Странджа-2023» турнирі басталады.

    Биыл 74-рет өткізілгелі отырған турнирге Қазақстан құрамасы да қатысқалы жатыр. Бұл дода соңғы жылдары бұрын Германияның Галле қаласында өтіп келген бәсекеден асып түсіп, соның орнына «кіші әлем чемпионаты» деген жанама атауға ие бола бастады.

    Қазақстан құрамасы Болгарияның астанасына жетті. Команданы құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов бастап алып барды.

    Жаттықтырушылар штабының айтуынша, турнирге еліміздің негізінен екінші құрамасы аттанды. Қазіргі құрамда бірінші нөмірлі 2-3 былғары қолғап иесі ғана бар. Қалғандары – екінші-үшінші нөмірлі боксшылар. Жол жүруге 3-4 күн қалғанда, команда капитаны Асланбек Шымбергеновтің бұрыннан бар жарақаты сыр беріп, турнирге бара алмайтыны белгілі болды. Сонымен, 71 келіге дейінгі салмақ бойынша турнирге елімізден ешкім қатыспай қалайын деп тұр.

    Кеше жарысқа барған боксшылар таразыға тартылды. Жеребеге қатысып, алғашқы қарсыластарын анықтады.

    Осыған орай, бүгін ұлттық құрамадан шаршы алаңға тек 60 келі салмақтағы Ерасыл Таңқайдың ғана шығатыны белгілі болды. Ол итальян Дариел Салерномен жұдырықтасады. Ал 21 ақпанда бірден 4 боксшымыз рингке көтеріледі. Олардың арасында 54 келі салмақтағы Бекзат Алдамжаров франциялық Билал Боннамамен, 57 келі салмақтағы Оразбек Асылқұлов ирланд Юде Каллахармен, 63,5 келі салмақтағы Ертуған Зейнулинов испан Оливер Ибарремен, 67 келі салмақтағы Темірхан Тезек болгар Пламен Янковпен күш сынасады.

    Одан кейін 22 ақпанда 75 келі салмақтағы Нұрқанат Райыс австралиялық Доминик Молинаромен, 80 келі салмақтағы Бекзад Нұрдәулетов сербиялық Артем Агелевпен, 92 келіден ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев нидерландтық Стэн Бертниспен қолғап түйістіреді.

    Ақпанның 23-інде 48 келі салмақтағы Ернұр Қайрат грузин Лука Кублашвилимен, 51 келі салмақтағы Кенже Мұратұлы үнділік Башуаматра Чонгханмен, 92 келі салмақтағы Абзал Құттыбеков грузиялық Артем Иорданянмен беттеседі. Ал 86 келі салмақтағы Бекзат Таңатар өзбек Шохжахон Абдуллаев пен болгар Кристиан Димитровтың қай жеңгенімен кездеседі.

    20-22 ақпан күндері турнирде іріктеу шайқастары өтсе, 23 ақпанда ширек финалдық, 25 ақпанда жартылай финалдық жекпе-жектер болады. Ал 26 ақпанда финалдық кездесуге кезек келеді.

    Ескерте кететін бір нәрсе, София мен Астананың арасындағы уақыт белдеуі айырымы – 4 сағат.

    Тағы бір айтатын жайт, Өзбекстан құрамасы турнирге 27 боксшысын апарды. Оларда аса ауыр салмақта өз елінің намысын жалғыз Баходир Джалолов қорғайды. Қалған салмақтардың әрбірінде шаршы алаңға 2-3 боксшыдан шығатын болды. Олардың арасында Руслан Абдуллаев (63,5 кг), Саиджамшид Жафаров (71 кг) пен Мадияр Сайдрахимов (92 кг) есімді ұлты қазақ жігіттер де бар.

    Турнирге Қазақстан әйелдер құрамасы барған жоқ.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *