Болгарияның София қаласында кешелі бері өтіп жатқан халықаралық Странджа кубогы үшін турнирде еліміздің бес боксшысы 1/8 финалға шықты.
Бұған дейін жарыстың екінші күні Қазақстан құрамасының бес боксшысы шаршы алаңға шығатынын хабарлаған болатынбыз. Солардың екеуі – күндізгі, үшеуі кешкі сессияда қолғап түйістірді.
Күндізгі айқастарды бірінші болып рингке көтерілген 57 келіге дейінгі салмақтағы Оразбек Асылқұлов бастады. Ол ирландиялық Джуд Галлахермен кездесті. Жекпе-жек қазақ боксшының басымдығымен аяқталды. Төрешілер 4:1 есебімен жеңісті Асылқұловқа берді.
Бірінші раунда қазылар басымдықты ирланд жігітке берген еді. Содан кейін барын салған Оразбек ақыры жеңіс тұғырынан көрінді. Төменде сол кездесудің видеосы жарияланып отыр.
Келесі спортшымыз – 63,5 келіге дейінгі салмақтағы Ертуған Зейнуллинов испан Конде Ойера Ибареччемен қолғап түйістірді. Қорытындыда отандасымыз жеңіске жетті.
Енді оның 1/8 финалдағы қарсыласы грузин Лаши Гагнидзені ұтқан өзбек Мужибулло Турсунов болғалы тұр. Бұл кездесу бүгін болады.
Кеше ел құрамасынан 1/16 финалда кешкі сессияда үш былғары қолғап шебері шаршы алаңға шықты. Олардың қатарында Тезек Темірхан (67 кг) болгариялық Пламен Янковты 4:1, 86 кг салмақтағы Бекзат Таңатаров үндістандық Картикті 5:0 есебімен жеңіп, жарыстың келесі сатысына шықты.
Ал 54 келіде Бекзат Алдамжаров франциялық Биллал Беннамаға 0:5 есебімен есе жіберіп, жарыстан тыс қалды.
Бүған дейін 20 ақпанда Ерасыл Таңқай (60 кг) италиялық Даниэле Салерноны тізе бүктірді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА