Осы күндері Ресейдің Кемерево облысында қысқы спорт түрлерінен өтіп жатқан ІІ «Азия балалары» ойындарында Софья Шишкина шаңғымен тұғырдан секіруде қола жүлдегер атанды. Ол К-40 трамплинінде қос жаттығудан 203 ұпай жинады.
Софьяның әпкесі Вероника Шишкина 2019 жылы Оңтүстік Сахалин қаласында өткен алғашқы «Азия балалары» қысқы ойындарында шаңғымен тұғырдан секіруде жекелей сында жеңімпаз атанған болатын. Енді бұл отбасында «Азия балалары» ойындарының екі жүлдегері бар.
Еске сала кетсек, 2019 жылы өткен алғашқы «Азия балалары» ойындарына Қазақстан құрамасы 74 спортшы апарып, 7 алтын, 7 күміс және 6 қола медальмен жеңіп алған еді. Сол кезде спортшыларымыз жалпы есепте 11 команданың ішінде 6-орыннан көрінді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА