• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақстан, Өзбекстан мен Куба әлемде үздіктер қатарында – Баходир Жалолов

    Бүгінде аса ауыр салмақтағы әуесқойлар боксшылар арасында Өзбекстанның былғары қолғап шебері Баходир Жалоловтан қауіпті қарсылас табу қиын. Өте қиын. Оның бойы өте биік. 201 см. Өзі шаршы алаңда үнемі алға ұмтылып, қарсыласына соққы жасап тұрады. Сондықтан оған «Үлкен өзбек» (Big Uzbek) деген лақап ат бекер берілмеген. Ол шын мәнінде де өте мықты боксшы. Өзі Токио Олимпиадасының чемпионы. Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен әлем чемпионатын жеңіп алған. Азияның үш мәрте чемпионы. Қазір ол өзінің салмақ дәрежесінде теңдессіз боксшы. Планетадағы ең мықты боксшы болып тұр.

    Болгарияның астанасы – София қаласында өткен «кіші әлем чемпионаты» деген жанама аты бар Странджа кубогы үшін халықаралық турнирде Баходир Жалолов бар болғаны 1/8 финалда ғана бір жекпе-жек өткізіп, жеңімпаз атанды. Онымен неге екені белгісіз, ширек финалда, жартылай финалда және финалда Қамшыбек Қоңқабаев, әзербайжан Мұхаммад Абдуллаев пен армян Давид Чалоян жекпе-жекке шықпады.

    Жақында Sports.kz порталы өзбек боксшысынан көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беруін өтінген екен. Оған Баходир Жалолов былай деп жауап беріпті.

    – Баходир, Странджа кубогы үшін турнирінде қарсыластарыңыздың өзіңізге қарсы шығудан бас тартқанын қалай қабылдадыңыз?

    – Олардың өз жоспарлары бар ғой. Олар да әлем чемпионатына дайындалып жатыр Сондықтан жарақат алып қалудан сақтанған шығар.

    – Сіз адамның мысын басатын, өзгелерге үрей туғызатын боксшымын деп ойлайсыз ба?

    – Мен өзімді ешқашан әлемдегі ең үздік боксшымын деп санаған емеспін. Менің де өз жоспарларым бар. Мен әлем чемпионаты мен Олимпиадаға қатысқым келеді. Одан кейін кәсіпқойлар арасындағы төрт белбеуді де жеңіп алғым келіп отыр. Сонда ғана өзімді әлемдегі үздік боксшымын деп айта аламын. Қазір мен үздік емеспін.

    – Қамшыбек Қоңқабаевтың шаршы алаңға шықпай қалғанына таңғалған жоқсыз ба? Біраз ел осы айқасты күтіп еді...

    – Қамшыбек – жақсы боксшы. Ол әлемнің әуесқой боксындағы үздіктердің бірі. Мен оны жақсы боксшы деп санаймын. Ол – мен үшін ауыр салмақтағы ең үздік. Өте жылдам боксшы. Тез қимылдайды. Оның ұстазы, Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов – әлемдегі үздік бапкерлердің бірі. Ол да өте жақсы адам. Біз онымен жиі араласып тұрамыз. Ол маған жиі ақыл-кеңестерін айтып отырады.

    Әрине, біз рингте қарсыластар боламыз ғойү Ол айтпаса да түсінікті. Ал күнделікті тіршілікте жақсы араласамыз. Барлық уақытта бізге жанашырлық танытады. Мен оны құрметтеймін.

    – Қамшыбек сіздің жеке өзіңізге болмай қалған шайқас туралы ештеңе деген жоқ па?

    – Жарақаты бар ма, жоқ па, ол жағын білмеймін. Рас айтамын. Ол маған ештеңе деген жоқ. Шынын айтқанда, оның неге бас тартқанын білмеймін.

    – Соңғы кездері Қамшыбек екеуіңіз бірге жиі фотоға немесе видеоға түсіп жүресіздер.  Соған қарап екеуіңізід дос екен деп ойлап қаламыз. Бірақ бір араларыңызда бір салқындық бар сияқты. Әлде мен қателесемін бе?

    – Біз Қамшыбек екеуміз жақсы араласып тұрамыз. Ол жақсы дос, жақсы жігіт. Адами қасиеті жақсы. Екеуміздің әңгімемізде ол – қазақша, мен өзбекше сөйлеймін.

    Соңғы уақытта әуесқойлар боксында Өзбекстан Қазақстаннан қалай озып кете бастады?

    – Әркімге де өзге елден гөрі өз елінің мықты болғанын қалайды. Қазақстан да көптеген чемпиондары бар мықты бокс державасы. Қазақстанда да жақсы боксшылар бар. Мен Өзбекстан күшті болып кетті деп ойламаймын. Біздің елдер әлемдегі бокс державалары. Өзім солай деп ойлаймын. Қазір Азияда, тіпті әлемде Қазақстан, Өзбекстан мен Кубадан мықты ел жоқ

    – Біздің елде өзбек боксына қатысты мынадай түсінік бар. Яғни, өзбектер айқасқа барынша жігерленіп шығады, ал қазақтар көбірек техникаға көңіл бөледі, сол себептен отандастарымыз жеңіліп қалады деген түсінік қалыптасқан. Бұл туралы не айтасыз?

    – Ал бізде керісінше ойлайды. Бізде қазақ боксшылары өзбектермен барын салып айқасады дейді. Бұл енді бокс қой. Волейбол емес, баскетбол емес. Барлық елдерде техникалық боксшылар бар, әркімнің өз стилі бар. Бізде де техника жағынан мықты боксшылар бар. Рингте танк сияқты ұмтылатындар да бар. Мәселен, 57 кг салмақтағы Абдумалик Холиков – шебер боксшы. Шебер боксшылар тек Қазақстанда ғана емес, басқа жерлерде де жеткілікті. Біздің боксшылар ешқашан рингке ұрда-жық деген ұстаныммен шықпайды. Кімде-кім шаршы алаңға солай шықса, жеңіліп қалады. Мен солай ойлаймын.

    Қазір сіз алдыңызға Париж Олимпиадасының алтын жүлдесін аламын деп мақсат етіп отырған шығарсыз.  Ал кәсіпқойлар арасындағы үлкен айқасқа қашан шығасыз?

    – Иә, менің ең басты жоспарым – биыл мамыр айында Ташкентте өтетін әлем чемпионаты мен 2024 жылғы Париж Олимпиадасында чемпион атану. Екінші Олимпиялық алтын медальды алғым келеді. Содан кейін кәсіпқой боксқа кетемін. Олимпиададан кейін менің үлкен айқастарым басталады. Мен Топ-15-тегі боксшылармен күш сынассам деймін.

    – Қамшыбектен басқа тағы қандай аса ауыр салмақты қазақстандық боксшыларды білесіз?

    – Иә, білемін ғой. Иван Дычко, Кособуцкий. Жанның айқастарын көрген жоқпын. Ал Дычконы жақсы білемін. Мен одан үш рет жеңіліп қалғанмын. Егер кәсіпқойлар сапында реванш қайтаруға мүмкіндік берілсе, онымен жұдырықтасар едім.

     

    Дайындаған Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *