• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Екібастұзда тұңғыш рет садақ атудан жарыстың жалауы желбіреді (ФОТО)

    Екібастұз қаласындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы ғылым мектебінің базасында қазақтың ұлттық спорт өнерінің бірі — садақ атудан ересектер мен жасөспірімдер арасында ашық біріншілік өтті.

    Ашық біріншілікті ұйымдастырған «Зерде» мамандырылған дарынды балаларға арналған лицей-мектебінің дене тәрбиесі мұғалімі  Нұрбек Мұқышевтің айтуынша, аталған мектепте оқушылар арасында садақ ату үйірмесінің ашылғанына екі жыл болды. Былтыр төрт оқушы Қарағандыда өткен республикалық турнирден олжалы оралды. Екі жыл талмай, жүйелі  еңбек етудің арқасында садақ ату үйірмесі Қазақстан дәстүрлі садақ ату федерациясынан «Сарсадақ Қоныс» мергендер клубының  лицензиясын алды.

    Ал алғаш рет өткен ашық біріншіліктің өзіне келсек, оның ашылу салтанатында Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру, спорт бөлімінің басшысы Медғат Манапов сөз сөйлеп, жас садақшыларға ақжолтай тілек айтты. Содан кейін жаңадан ашылып, көпсалалы бағытта жұмыс істеп келе жатқан Мәшһүр Жүсіп атындағы ғылым мектебінің құрылтайшысы Ерлан Аманжолұлы сөз алып, ұлттық рухтың асқақтауына дәстүрлі ұлттық ойындардың маңызы зор екенін атап өтті.

    Ашық біріншілікке еліміздің жер-жерінен командалық және жекелей сында 120 спортшы қатысты. Атап айтсақ, Екібастұз, Павлодар, Семей, Қарағанды, Астана, Маңғыстау, Атырау қалаларынан, Ақсу-Аюлы, Бұқар-Жырау аудандары (Қарағанды облысы), Аягөз (Абай облысы), Ақкөл (Екібастұз ауданы), Баянауыл және Баянауыл ауданының Майқайың, Құндыкөл, Егіндібұлақ ауылдарынан жасөспірім оқушылар командалары бақ сынады. Соның ішінде біріншілікке 7 жасар Нұрали Серік те қатысты.

    Ойын тәртібі бойынша 10 жасқа дейінгі балалар 10 метрлік қашықтықтан адырнасын он рет тартып, екі айналым нысана көздеді. Осы тәртіпте 10-15 жас аралығындағы ұл және қыз балалар сайысқа түсті. Ересектер 20, 25, 30 метр қашықтықтан жамбы атты. Ойын сәт сайын қыза түсті.  Садағын шірене тартқан спортшылар түгілі жанкүйерлердің делебесі қозды. Садақ тартып қызықтаған  жанкүйер: «Жебені шірене тартып, садақтың шықырлаған дауысын, жебенің суылдап ұшқанын естігенде арқа қозып, бойыңды тылсым бір күш кернейді екен», — деп айтып жатты.

    Жарыс барысында жеңімпаздарға кубоктар мен ақшалай демеушілік көрсеткен өңірлік кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары, «КазЛидерМех» ЖШС басшысы Нұрман Батталғазыұлына, Марат Серікұлына және қалалық дене тәрбиесі бағытының әдіскері Азамат Дүйсенбайұлына алғыс айтамыз. Турнир Наурыз мерекесіне дөп келгендіктен  киіз үй тігіліп, ас тартылып, қымыз, наурызкөже берілуі де алыстан келген қонақтарға деген құрмет еді.

    Садақ ату ойыны Павлодар өңірінде КСРО кезіндегі жетпіс жылда, одан кейінгі отыз жылда алғашқы рет қолға алынып отырғанын ескеру керек.  Десек те  қолдау тапқанына қуанамыз. Шұрайлы қоныс, алқапты жайылым үшін жан алысып, жан беріскен заманда Ертіс-Баян өңірінен шыққан батырлардың ерлігі сөзсіз. Бірақ қазіргі таңда бірін білсек, бірін білмей жатамыз. Солардың бірі Мәшһүр Жүсіп көп томдықтарында ерлігі хатталған Баянауыл-Шідерті даласындағы қанды қақтығыста көзге түскен, құралайды көзге атқан мерген, садақшы Қоныс батыр болған екен. Сол майданнан кейін жұрт мергендігін дәріптеп, Сарсадақ Қоныс деп атап кетсе керек.

    Осы өңірден шығар болашақ еліміздің және халықаралық турнирлерде топ жарар жеткіншектерді ата-бабаларының аруағы желеп-жебеп жүрсін деген ырымның нышаны ретінде мергендер клубын «Сарсадақ Қоныс» атадық дейді, — деді Нұрбек Мұқышев.

    Жарыста ересектер арасында бас жүлдені Семей қаласының «Алаш» садақ ату клубының мүшесі Дулат Қысатай жеңіп алса, бірінші орынды Қарағандының өкілі, «Қайрат» ұлттық және ат спорты түрлері мектебінің өкілі Никита Черников иеленді. Ал жанкүйерлер алдағы уақытта салқар өнер садақ ату спортын бұдан да биік деңгейде көрінетініне сенім білдіріп, ашық біріншілікті жалғыз өзі ұйымдастырған Нұрбек Мұқышевке алғыс айтты.

     

    Қаршыға МҰҚЫШ,

    ФОТО: автор

    АСТАНА

    Ашық біріншілік басталар алдында

    Садағын шірене тартқан спортшылар

    Жеті жасар мерген Нұрали Нұрбекұлы Серік

    Тиді!!!

    Ересектер арасында бас жүлдені Семей қаласының «Алаш» садақ ату клубының мүшесі Дулат Қысатай жеңіп алды

    «Қазақтың садақ ату өнеріне тәнтімін», дейді «Қайрат» ұлттық және ат спорты түрлері мектебінің өкілі Никита Черников

    Тұңғыш ашық біріншілікті ұйымдастырушы Нұрбек Мұқышев баласы Нұрали Серікпен бірге

    14 пікір

    1. Салтанат

      👍🏻 нағыз рухани жаңғыру

    2. Адлет Нурмухан

      Өте керемет, нағыз батырлар 💪🏼

    3. Жансая

      Сәттілік 👍🏻👍🏻

    4. Аружан Мухаметжан

      Қазақтың дәстүрлі ойындарың жаңғырту 👍🏻

    5. Назира

      Өте керемет

    6. Госман Дариға

      керемет , сәттілік 👍

    7. Госман Дариға

      керемет , сәттілік 👍

    8. Госман Дариға

      Сәттілік тілеймін 👍

    9. Үмітжан

      Тамаша, Құралайды көзге атқан мерген ер азаматтарымыз көбейе берсін

    10. Үмітжан

      👏👏👏

    11. Аленова Дильназ

      Қазақтың нағыз дәстүрлерін жаңғыртқандарыңыз үшін үлкен рахмет 💘

    12. Керемет 👍👍👍👍

    13. Дәстүрлі ойынымызды жаңғыртып, насихаттауға көп үлес қосудасыздар! Тамаша👍👍👍

    14. Дастан

      Өз күшімен Екібастұзда садақ атудан жарыс ұйымдастырған Нұрбек бауырымызға мың алғыс! Ұлттық өнеріміздің туы еліміздің жер-жерінде тігіле берсін!

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *