Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы Үндістанның астанасы — Делиде өткен әлем чемпионатын аяқтады.
Осы жарыста әйелдер құрамасы 2 күміс пен 4 қола жүлде алды. Осылайша, бас бапкер Шәміл Сафиуллин шәкірттері шет елдегі жарыстарда медаль саны жағынан үздік нәтиже көрсетіп, соңғы 7 жылда болмаған жетістікке жетті. Сондай-ақ жүлде саны жағынан жалпы есепте Қытайдан кейін екінші орынға ие болды.
Қазақстан құрамасы сапында Делиде соңғы болып рингке шыққан аса ауыр салмақтағы (+81 кг) әлем чемпионы Лəззат Күнгейбаева əлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, марокколық Хадидже Әл-Мардимен күш сынасып, тәжірибелі қарсыласына есе жіберді. Осы салмақтағы басты фавориттің бірімен кездескеніне қарамастан отандасымыз қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасады. Алайда, осы жолы марокколық боксшының болды.
Біз Үндістанға алтын медаль үшін келдік. Бірақ дегенімізге жете алмадық. Сәл сәттілік жетіспеді. Бұл біз үшін сабақ болды. Енді Қытайда өтетін Азия ойындарында қателіктерді қайталамаймыз. Бар шеберлігімізді көрсетуге тырысамыз, — деді Шәміл Сафиуллин.
Ал Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбековтың айтуынша, жалпы нәтиже әйелдер құрамасы үшін көңілі көншітерлік. Құрама 6 медаль жеңіп алды. Десе де әлі тынбай жұмыс істеу керек. Алда Азия ойындары келе жатыр. Ол сында боксшылар барынша көбірек Олимпиада жолдамасын алу керек.
Биылғы әлем чемпионатында Лəззат Күнгейбаевадагн басқа күміс медальді Карина Ибрагимова (57 кг) иеленді. Алуа Балқыбекова (48 кг), Надежда Рябец (66 кг), Валентина Халзова (75 кг) мен Фариза Шолтай (81 кг) қола жүлдегер атанды. Жалпы есепте Үндістан 4 алтын жүлдемен көш бастаса, Қытай 3 алтын, 1 күміс, 3 қола медальмен екінші орын алды. Үздік үштікті Ресей түйіндеді. Ресейліктер 1 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлдеге ие болды. Ал Қазақстанқұрамасы сегізінші орынға орналасты.
Қазақстан құрамасының алты жүлдесі — 2016 жылдан бері болмаған үздік көрсеткіш. Сол кезде Астанада өткен чемпионатта боксшы қыздар 4 алтын және 2 қола жеңіп алған болатын. Ал одан кейінгі үш бірдей әлем чемпионатында бір күміс жүлде ғана ала алды. Осылайша, бокстан әйелдер құрамасы соңғы 7 жылда болмаған жетістікке жетті.
Спортшылар ұтып алған медаль үшін Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) барлығы 200 мың доллар (күміс – 50 мың доллар, қола – 25 мың доллар) алады.
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы, жаттықтырушылар штабы және Қазақстан бокс федерациясының өкілдері Делиден (KC 908 – JSC AIR ASTANA) Алматы халықаралық әуежайына 27 наурызда, елорда уақыты бойынша сағат 15:20-да тікелей рейспен ұшып келеді.
Шамкен БАЙЫРБЕК,
АСТАНА
ФОТО: Мәдениет және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы