• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Өмір қимыл-қозғалыс және әрекеттен тұрады

    Өмір өзі қимыл, қозғалыс, әрекеттен тұрады емес пе?! Егер осы бір адамға берілер үш қасиет тоқтаса өмір де тоқтайды. Бескүндік бұл жалғанда адам өмірге қонақ. Сондықтан да қамшының сабындай қысқа ғұмырымызды мәнді, мағыналы етіп өткізгенге не жетсін. Денсаулықтың қадірін біз тек бір жеріміз сырқырап ауырғанда ғана білеміз.

    Ибн Сина: «Ауырып тұрып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде», — деген екен. Ендеше ауырмаудың ең бір тиімді жолы саламатты өмір салтын қалыптастырып, спортпен айналысу өте маңызды. Бауыржан Момышұлы: «Бойымда қажыр қайрат, күш-жігерім барда, мені кәрілердің тізіміне қоспаңдар», -деген екен. Олай болса «мен шаршадым, қажыдым», — деген адамды кері қарай сүйрейтін сүреңсіз сөздерден аулақ болған абзал. Өйткені, өмір бір-ақ рет берілетінінін бір сәт естен шығармаған жөн.

    Хош, саламатты өмір салтын дамытуда өткізіліп тұратын спорттық іс-шаралардан өз басым қалып қалмауға тырысамын. Бір жағынан спорт денсаулық кепілі болса, екінші жағынан дос-жарандармен жолығысып, көңіл хошын жарастырып қайтасың. Міне, сондай бір игілікті спорттық іс-шараның бірі кеше Өтеген кентінде болып өтті.

    Шағын футболдан Наурыз мерекесіне арналған бұл турнирді елге белгілі қаламгер ағамыз Әлім Анапиянов ұйымдастырған екен. Жарыс ардагерлер арасында болды. Турнирге 5 команда қатысты. Тіпті, Талғар қаласының ардагерлер құрамасы да бір командасын сайлап әкеліп бақтарын сынады.Тартысты өткен кездесуде бірінші орынды Өтеген кентінің ардагерлер құрамасы жеңіп алды. Ал, жүлделі екінші орынды менің «Қаламгер» командам иеленді.

    Жарыс соңында үздік шабуылшы, үздік қорғаушы және үздік қақпашылар жарыс ұйымдастырушы Әлім Анапияновтың қолынан бағалы сыйлықтарын алып мәре-сәре болып жатты. Ардагелер футбол алаңында естелікке суретке түсіп, көпке дейін тарқамай алған әсерлерін айтып жүрді. Негізі осындай ардагерлер турнирі жастары алды 50-ден асып арты 70-ке тақаған әлі де додаға түсер қуат күші бар ардагерлер үшін өте маңызды. Әрине, бәйгелі болып қанжыға майланып қайтқаны қуанарлық жәй. Дегенменде ардагерлер өздерін осындай жарыстарды тұлпардай сезініп қалатыны анық. Бір жағынан құрмет, мақтаныш болса, бір жағынан таптырмас денсаулық, ескі таныс жора-жолдастарын жолықтырып сырласып, шұрқырасып қайту деп білемін. Ендеше, осындай ардагерлерге арналар игі спорттық іс-шаралардың ғұмыры ұзақ болсын деп тілер едім. Айтпақшы, осы Наурызға орай ұйымдастырылған жарыс дәстүрлік болатын болды. Алла алдынан жарылқасын деймін!

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *