Еуропаның футбол қауымдастығы (УЕФА) Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асхат Тағыбергеннің Еуропа чемпионаты іріктеу турнирінің екінші турында Дания командасының қақпасына салған голын үздіктер номинациясы қатарына қосты.
Қазір УЕФА-ның сайтында екінші турадағы үздік голға дауыс беріліп жатыр. Үздік гол номинациясына үміткерлер қатарында англиялық Букайо Сака, беларусьтік Владислав Морозов пен румыниялық Андрей Буркэ бар. Әзірше Асхат Тағыберген мен Владислав Морозов алда келеді. Олардың әрқайсысында 86 дауыс бар. Букайо Сакаға 40 дауыс берілген. Андрей Буркэ 19 дауыс жинап отыр.
Еске салсақ, 26 наурызда Қазақстан құрамасы Дания командасын 0:2 есебімен жеңіліп жатып, қарсыластар қақпасына үш гол салып, 3:2 есебімен жеңген еді. Асхат Тағыбергеннің алыстан әуелете тепкен добы ойында таразы басын теңестіруге мүмкіндік берді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА