• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    «Отыз жыл ұйықтағанымыз жетер»: Ақжүрек Таңатаров Тоқаевтан араша сұрап отыр (ВИДЕО)

    Еркін күрестен 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының және әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері Ақжүрек Таңатаров президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмектесуін өтініп, видеоүндеу жолдады.

    Ол үндеуде өзін Жамбыл облысы денешынықтыру және спорт басқармасының «Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжі» МКК басшысы лауазымынан заңсыз жолмен алып тастағанын айтты.

    Соның себебін білу үшін облыстық спорт басқармасының басшысы Арман Ташметовтен сұрағанда, ол облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің бұйрығы мен шешімін көрсетіп, ештеңе істей алмайтынын айтты. Яғни, бұл әрекет Жаңа Қазақстанның көлеңкесіне де жақын емес. 90-жылдарға қайта оралғандаймыз. Президент мырза! Мен спорт жанашыры және осы саланы жетік меңгерген  азамат ретінде сізден Жамбыл облысының әкімдігі мен спорт басқармасында  заңсыздықтарды тоқтату үшін республикалық деңгейдегі барлық құқық қорғау органдарынан, оған қоса Парламент депутаттарымен бірігіп комиссия құрып, толыққанды тексеріс тағайындауды сұраймын.

    Бұл әрекетіммен сізге маған қызмет алып беріңіз демеймін. Тек өсіп келе жатқан жас буын ұл-қыздарымыз дұрыс тәлім-тәрбие алып, әлемдік аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізсе екен деп армандаймын. Сол себепті, облысымыздағы жемқорлық әрекеттерді тоқтатып, облыстағы лауазымдарға білікті, тәжірибелі, жанашыр және беделі бар азаматтарды тағайындауға атсалыссаңыз. Отыз жыл ұйықтағанымыз жетер. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!, – деді спортшы.

    Олимпиада жүлдегері сөзінің соңында сол Жаңа Қазақстанды құруға барынша күш-жігерін салуға дайын екенін де жеткізді.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *