• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Бокстан әлем чемпионатында Өзбекстан құрамасына өзгеріс енгізілді

    1 мамырда Өзбекстан Республикасының астанасы -Ташкент қаласында бокстан әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті.

    Оның ашылу рәсімі «Хумо Арена» спорт кешенінде болып, оған осы елдің премьер-министрі Абдулла Арипов, Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) президенті Умар Кремлев, Өзбекстанның Жастар саясаты және спорт министрі Адхам Икромов пен басқа да чемпионатқа жауапты адамдар қатысты.

    Осы күні жарысқа әлемнің 140 елінен келген былғары қолғап шеберлері жеребе бойынша қарсыластарын анықтап, қолғап түйістіріп үлгерді. Қазақстан құрамасынан екі боксшы шаршы алаңға шықты. Оның бірі — 60 келідегі Талғат Сырымбетов, екіншісі — 92 келіге дейінгі салмақтағы Айбек Оралбай. Екеуі де қарсыластарын ұтып, келесі 1/16 финалға жолдама алды.

    Өзбекстан құрамасы да алғашқы жекпе-жектерін өткізді. Олардың сапында шаршы алаңға алғашқы болып Мужибулло Турсунов көтерілді. Ол 60 кг салмақ дәрежесінде непалдық Сингх Вариндерді ұтты. Бұдан басқа әлем чемпионатында Өзбекстанның мына боксшылары рингке шығады. Атап өтетін бір нәрсе, олардың көбісі әуесқой бокстан кәсіпқой боксқа ауысқан былғары қолғап иелері.

    Сонымен, 48 келіге дейінгі салмақта  Шадиержон Меликозиев ұлттық құраманың сапына қосылды. Сонымен бірге 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы, Азия ойындарының күміс медалисі Хасанбой Дусматов әлем чемпионатына шақырылды. Ол 51 келіге дейінгі салмақта күш сынасады. Одан басқа Айбек Жураев (-54 кг), Абдумалик Халоков (-57 кг), Мужибилло Турсунов (-60 кг), Руслан Абдуллаев (-63,5 кг), Асадхужа Муйдинхужаев (-67 кг), Саиджамшид Жафаров (-71 кг), Аълохон Абдуллаев (-75 кг), Жасурбек Юлдошев (-80 кг), Шахжахан Абдуллаев (-86 кг), Лазизбек Мулложонов (-92 кг) пен 92 келіде аса салмақтағы  Бахадир Жалолов қолғап түйістіреді.

    Бүгін екінші жарыс күні 86 келіде өнер көрсететін Сағындық Тоғамбай ел намысын қорғап, конголық Мбели Нландумен жұдырықтасады.

    Ал 63,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Санатәлі Төлтаев израильдік Ахмад Штивимен кездеседі. Ол кешкі  сағат 18.00-де басталатын сессияда өнер көрсетеді.

    Әлем чемпионаты 14 мамырға дейін болады. Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) президенті Умар Кремлев Ресейдің «Газпром» компаниясының арқасында биылғы әлем чемпионатының жүлдегерлері қомақты сыйақы алатынын атап айтты. Яғни, ІВА әлем чемпионына 200 мың доллар көлемінде ақшалай сыйақыны тапсырады. Ал Қазақстан бокс федерациясының президенті чемпион атанған боксшыға өз қаржысынан 100 мың доллар береді.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *