• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Шымкентте бәйгеден Қазақстан чемпионатының екінші кезеңі өтті

    Бүгін Шымкент қаласындағы ипподром алаңында бәйгеден Қазақстан чемпионатының екінші кезеңі өтті, деп хабарлады Halyq Uni.

    Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы баспасөз қызметінің мәліметінше, жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев, ҚР «Бәйге» федерациясының президенті Қанат Көпбаев арнайы қатысқан.

    Бәйге — халқымыздың қанына сіңген спорт түрі. Бұл қазақ халқының ұлттық мәдениетінің өзіне тән ерекшелігі. Соңғы жылдары бүкіл елімізде ұлттық спорт түрлері, соның ішінде ат спорты жақсы дамып келеді. Бүгінде республика бойынша атбегілік өнермен, шабандоздықпен және ат баптаумен 20 мыңға жуық адам айналысады екен. Биыл Шымкент қаласында ашылған мынау заманауи атшабар ұлттық спортымыздың одан әрі дамуына ықпал етеді деп ойлаймын, — деген Мұрат Дүйсенбекұлы чемпионаттың ұйымдастырушыларына алғыс айтты.

    Сондай-ақ, салтанатты рәсімде сөз алған ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев ұлттық спортымыздың дамуы мен оның әлемге насихатталуы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жіті назарында екенін жеткізіп, бүгінгі таңда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды атап өтті.

    Ал, «Бәйге» федерациясының президенті Қанат Көпбаев жарыстың маңыздылығына тоқталып, шабандоздарға сәттілік тіледі.

    Чемпионатта республиканың барлық өңірлерінен келген 120-дан астам тұлпар бақ сынады. Құнан бәйге, топ бәйге, аламан бәйгеде оза шауып келген жүйріктерге қомақты қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

    Айта кетейік, аталмыш жарыс Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен және Ұлттық спорт қауымдастығы мен «Бәйге» федерациясының ұйымдастыруымен өтті.

    ФОТО: Ұлттық спорт қауымдастығы

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *