• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қайрағы мықты қайратты жастар

    Ел спортының ертеңі жалынды жастарымызға тікелей байланысты. Спорт мектептерінде шыныққан жас буынды қазақ елінің әлемдік жарыстарында туын жықпай тұғырдан көрсететін жарық жұлдыздары деп сеніммен айта аламыз.

    Бүгінгі таңда Қазақстанның әр аймағында Балалар мен жасөспірімдердің, Олимпиадалық орталықтардың қатары көбейе түскеніне қуануымыз керек. Өйткені, ауыл спортынан қанаттары қатайған таланттар кәсіби жолдағы жеңісті жолдарын жалғастыру үшін арнайы мектеп-интернаттарға келіп түсіп жаттығуының орны бөлек.

    Иә, қазір ауыл-аймақтарда да спорт мектептері көптеп бой көтеріп келеді. Ол әрине, ел президентінің  спорт саласына үлкен қолдау көрсеткенінің нәтиежесі деп білеміз. Дегенменде оқу-жаттығу бағытында кәсіби деңгейде дәріс алудың маңызы жас өрен үшін өте зор. Қатарынан оза шапқан, ортасында алғыр да алымды таланттар тасада қалмау үшін неғұрлым жоғары деңгейде сабақ беретін Олимпиадалық мектеп-интернаттарға жолы болып түсіп жатса нұр үстіне нұр болмақ.

    Әлемдік жарыстарда топ жарып ел намысын абыроймен қорғап жүрген көптеген спорт мектептерінің таланттары бар. Солардың ішінде бүгінгі күні спорттың әр түрінен үлкен жетістіктерге жетіп жүрген Алматыдағы Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің дарынды ұл –қыздарының  көрсеткен өнерлеріне, жеткен жетістіктеріне таңдай қағып қуануға болады.

    Әрине, қазақ «Дұрыс қанаттанған түзу ұшар», деген. Осы мектептегі дарынды жастардың  қалаған спорт түрінен үлкен биікке  шығуы үшін бар жағдай туғызылып отырғандығын ескермесе болмайды. Мектеп директоры, білікті басшы өз ісінің білгір маманы Ернар Таласбекұлының қолдау, қамқорлығының шапағатына бөленген дарынды жас таланттар толағай табыстармен қуантып келеді. Айталық, 28-29 сәуір аралығында Афинада (Грекия) Athens Trаck Grand Prix 2023 тректен халықаралық велоспорт жарысы болып өткен еді.

    Бұл жарысқа Қазақстанның атынан қатысып, ел намысын қорғаған спорт мектеп-интернат-колледждің велоспортшылары қойыны қонышын алып, күміс жүлдеге толтырып елге оралды. Дүбірлі сында саңлақтарымыз бар жиынтығы 5 медаль жеңіп алды. Мысалы, Силықбек Аслан жасөспірімдер арасында топтық жарыста чемпион атанса, скретч сайысында: Силықбек Аслан күміс медаль, Белугин Вадим  қола жүлде алса, омниум жаттығуында Силықбек Аслан күміс медаль, Вадим Белугин  қола жүлдеге  ие болды.

    Әрине, айтулы мектептегі велоспорт бөліміндегі жаттықтырушылардың қосқан үлесі, еңбегі зор екенін ескерген  жөн. Сонымен қатар, жеңістің жолды жалғастырған Асамбек Нұрасыл Түркияның Стамбул қаласында  өткен «Чемпион» атты халықаралық турнирге қатысып,  алтын жүлдені жеңіп алса, ізін ала еркін күрестен Азия чемпионы атанған.

    Мамыр айының 2-7 аралығында Алматыда таеквондодан жастар мен жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында  үш салмақ бойынша Әлібек Нұрғазы, Ілияс Марупов пен Нұрасыл Қуандық чемпион атанып, Бейрут қаласында өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғайтынын айта кетсек болар.

    Сәуір айының 29-30 аралығында Грузияның Гори қаласында дзюдо күресінен кадеттер арасында Еуропа кубогы болып өткен еді. Сол аламан жарыста 16 елден қатысқан 300-ден астам балуанның арасынан Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің жас балуандары 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медальді жеңіп алды.

    Жеңістің бас тұғырында 81 кг салмақта Балғабай Досбол  алтын алқаны мойнына тақса,73 кг салмақта Еділ Ерболұлы күміс жүлдеге ие болды. Ал, жүлделі қола медальдарды 60 келіде  Нұргелді Қанат, 70 келіде Аниса Ибатолла, 90 келіден аса салмақта  Шыңғыс Ержанұлы жеңіп алды.  Сонымен бірге, Венгрияда синхронды жүзуден өткен халықаралық жарыста аталған мектеп-интернаттың қыздары жүлделі үшінші орынды жеңіп алып оралған екен.

    Міне, осындай Еуропаның жарыс алаңдарында  қанжығалары майланған балуандарымыз мектептің ғана емес еліміздің мақтаныштарына айналуда.

    Осылай мектептің талантты спортшылары қуанышты еселей түсіргенін көреміз. Енді осындай берекелі ұжымды айрандай ұйытып, толымды табыстарға жеткізу үшін қолынан келген мүмкіндіктерді жасап жатқан айтулы Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің директоры Ернар Таласбекұлымен жолығып біршама сұраққа жауап алған едік.

    -Ернар Талсбекұлы, дені сау адам-табиғаттың ең қымбат жемісі демекші, денсаулығы мықты жас таланттарды тәрбиеліп шығарып жатқан сіздің мектеп-интернат елдегі көшбасшы оқу-спорт шаңырағының бірі болып саналады. Жасөспірім таланттарға осы мектеп-интернатта бар жағдай жасалған деп айтуға бола ма?

    -Біріншіден, Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледж Мәдениет және спорт министрілігіне тікелей қарайды. Жыл сайын қарасытырылып қойған қорға қатысты осы мектептегі балалардың күнделікті жүріп-тұруы, ас-дәмі, жатар жайы түгелдей министрліктің бөліп отырған қаражатының есебінде.

    Балалар күнделікті бес мезгіл ауқаттанып, осы мектеп-интернаттың жатаханасында тұрып өмір сүреді. Біздің мектепте балалар спорттың 17 түрімен айналасады. Бар жағдай толықтай жасалғандықтан жасөпірім спортшылар осы мектеп –интернатта орналасқан мектептің табалдырығын аттап,  білім алып, содан кейін спорт залдарға барып, қалаған спортпен шұғылданады. Меніңше, бар жағдай қарастырылған деп толықтай айтуға негіз бар.

     -Тарихи өміржолы бар Каркен Ахметов мектебіне дарынды балалар қалай сарапталып алынады? Олардың оқуға түсу үшін қандай талаптар қойылады?

    — Бірінші мәселе, бапкерлер әр спорт түрі бойынша еліміздің түпкір-түпкірінен келген дарынды жас балаларды електен өткізіп таңдап алады. Жыл сайын тамыз айының басында дәстүрлі форматта емтихан басталады. Сол емтиханнан сүрінбей өткен саңлақтарды сайтқа салып жариялаймыз.Талапкерге қойылар негізгі талаптың бірі — ол әрбір жас өрен өзі қалаған спорт түрінен туған өңірінде топ жарып, кем дегенде Қазақстан чемпионатының үштігіне кіруі керек. Не болмаса халықаралық жарыстарда жүлделі орындардан көрінген болса, тіпті жақсы. Оқуға түсуге келген ынталы жастың физикалық тұрғыда міндеттелген нормативтерді орындауы шартты. Сонымен қатар, бапкерлер кейбір республикалық жарыстарда көзге түскен талантты жастарды өздері шақыруы әбден мүмкін. Олар үшін емтихансыз алуға мүмкіндік бар екенін де айта кетуге болады. Ал, енді екінші мәселе ауыл, аудандарда жеңімпаз болып жүрген талапты балалар да келеді. Олар емтихада бағын сынайды. Егер де мамандардың көзіне түсіп, жақсы нәтиже көрсеткендері болса өзімізде алып қалуға тырысамыз. Айталық, күрес түрінен өтетін емтиханға мемлекеттік бапкерлер мен қоса өзіміздің білікті мамандарымыз комиссия алқасына кіріп қарап саралайды. Сөйтіп, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар», демекші, ортасынан озып шыққан дарынды жастар қабылданып, қыркүйек айында сабақтарын бастайды.

    -Қарап отырсақ, мектеп-интернатта оқитын жастардың спорттың әр түрінен әлемдік, Азиялық жарыстарда үлкен жетістіктерге жеткендерін көріп отырмыз. Соның арасында соңғы кездері ауыз толтырып айтарлықтай еліміздің атын шығарған мектептің дарынды жастарының атай кетесіз бе?

    — Біздің мектепте ұстаздардың, бапкерлердің айлық жалақысы олардың еңбегінің көрсеткен жемісіндегі пайызы арқылы көтеріліп отырады. Баланың жеткен жетістігі арқылы пайызы көтеріле түседі. Мысалы, өзге мектеп-интернат колледждер 280 пайызбен бекітсе, біз республика бойынша биыл 615 пайызбен бекіттік. Айырмашылығын қарап отырсаңыз, қандай биік көрсеткішке қол жеткіздік деп айтуға болады. Жақында ғана Балуан шолақ спорт сарайында өткен Азия жарысында біздің мектептің екі бірдей балуаны Азия чемпионы атанды. Ал, жылдың аяғына Богдан Лукин деген оқушымыз семсерлесуден әлем чемпионы атанып, елімізді әлемге танытты. Соның ішінде қаншама өрендеріміз спорт шебері атанып, қаншама  Қазақстан мен халықаралық жарыстарды, көптеген дүбірлі турнирлерді жеңіп алған спортшыларымыз бар. Оның бәрін айтып тауыса алмаймыз.

    Бір мысал, 2022 жылы қыркүйек айында ғана осы мектеп-интернаттың қабырғасында таеквондо спорты  ашылған болатын. Бүгін соның жемісін көріп отырмыз. Айталық, жақында Төлеген Тілеумұратов есімді бапкердің үш бірдей  шәкірті Қазақстан чемпионатында чемпион болып қуантып отыр. Сонымен қатар, бокстан да тұсау енді ғана кесілген бокс залынан үш бірдей жас былғары қолғап шебері ел біріншілігінде жеңімпаз болды. Еркін күрес түрінен де Азия чемпионы атанып қана қоймай, екі бірдей бота балуан Қазақстан чемпионы атанды. Қорыта айтсам, биыл барлық спорт түрінен оқушы спортшыларымыз тамаша көрсеткіштерге жетті. «Еңбек бәрінде жеңбек», деген ғой. Ынтымағы ұйыған ұжыммен, білікті бапкер, ұстаз мамандардың табанды еңбегінің нәтижесінде балалар жақсы нәтижелерге жетті деген ойдамын.

    -Спортпен бірге білімді де қатар алып жүрген ұландар болған соң, білім бағытындағы жетістіктерде мектеп оқушыларының аяқ алысы қалай?

    — «Білімдіден сөз тыңдасаң, күш тасыр.Үйренгенді желге ұшырмай іске асыр», деген екен Махмұд Қашғари.

    Баланың білімде озық ойлы, зерделі болып өсуі қараңғы түнде қолына жарық алып шыққандай болар. Оқуына ұқыпты, білімге құштар баладан мықты спортшы шығады деп ойалймын. Өйткені, спорт ақылмен ойлап, жинаған шеберлікпен түйінін шешетін үлкен өнер.  Сондықтанда бала тәрбиесіне, олардың біліміне ерекше назар аударып, қадағалаймыз. Иә, қалалық, республикалық деңгейде білім саласында түрлі Олимпиадаларға біздің мектептің оқушалары да қатысып жүлделі орыннан көрін жүр. Мысалы, жыл сайын республикалық мектеп-интернаттар арасында жалауы көтерілетін білім жарыстарында біздің Каркен Ахметов атындағы мектеп-интернаттың дарынды жас ұландары үлкен нәтижелер көрсетіп, 1-2 орындарды бермей келеді.  Сонымен қатар жуырда ғана Біріккен Араб Әмірлігі Дубайда өтіп жатқан  үлкен білім сайысына да біздің ұстаздарымыз қатысып жатыр. Ендеше, білім саласында көштің алдына шығуға тырыса отырып, үлкен жұмыстар атқарылып жатыр.

    -Айтулы мектептің  алға қойған мақсаттарынан сөз етсеңіз?

    -Біздің мектепте жастар мен жасөпірімдер жатығып шыңдалады. Осы Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледждің  қабырғасынан көптеген Олимпиада, әлем, Азия жарыстарында жеңіске жетіп, қазақ елінің мақтанышына айналған жұлдызы жарық спортшылар шыққан белгілі. Олардың арасында Елдос Сметов, Асхат Жіткеев сынды айтулы спорт саңлақтарын айтса жетіп жатыр. Содан кейін тағы бір айта кетер мәселе, әлем бойынша біздің мектеп –интернат  тұңғыш рет осындай атау алған мектеп-интернат болып саналады. Оның анық қанығын белгілі спорт қайарткері, көптеген спорт саласындағы ғылыми методикалық кітаптардың авторы Анатөлі Қажыкенұлы Құлназаров деген ағамыз зерттеп осындай шешімге келген екен.

    Біздің мектеп-интернат сонау 1960 жылдары осындай статус алғаннан кейін барып, көршілес Ресей мемлекеті мектептің аналогын алып кетіп, өздерінде аша бастаған екен. Енді айта кетсек осы мектепте оқитын жасөпірімдер 7-11 сынып аралағында мектеп-интернатта білім мен спортты қатар ала жүріп дәріс алады. Сосын 11 сыныптан кейін жақсы жетістіктерге жеткендері іріктелініп алынып үш жылдық колледжде оқуын жалғастырады. Ал, колледжде үздіктердің қатарынан көрінгендер ұлттық құрамаға кіріп ел намысын байрақты жарыстарда қорғайтын болады. Мақсатымыз біреу ғана, алдыңғы толқын аттары әйгілі ағалары секілді Қазақстанның атын әлемдік додаларда абыроймен қорғау үшін барынша тәлім-тәрбиені беру. Сол үшін қолдан келгін мүмкіндіктерді аямауға әрқашан дайынбыз.

    Кез-келген мемлекеттің жарқын болашағы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірбие деңгейіне байланысты екені баршамызға мәлім.

    Иә, Қазақстандағы ел спортының ертеңі дарынды өсіп келе жатқан жас ұрпаққа тікелей байланысты. Осы бағытта жас буынның бойындағы талантын ашатын білікті де білімді бапкерлердің еңбегі ерен. Тәрбие мектеп қабырғасынан басталады. Ендеше, көп ішінен оза шыққан талапты да талантты жастарды тәрбиелеп, аламан жарыстарға қосып жатқан айтулы  Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледждің ұжымына табыс тілейміз. Осындай жемісін үзбей беріп отыратын мәуелі жеміс ағаш секілді мектеп-интернаттардың толағай табыстарын көргенде қызыға да қуана қараймыз.Тілекке еңбек тірек болғанын қалар едік.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *