Қазақстанның бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Францияның ашық чемпионаты — «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымына шықты.
Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 146-орында тұрған чехиялық 16 жастағы Бренда Фрухвиртовамен кездесіп, оны 6:4, 6:2 есебімен ұтты.
Бірінші партияда есеп 3:3 болған кезде чехиялық спортшы брейкпен алға шыққан еді. Бірақ Рыбакина оның жеңіске деген жігерін көп ұзатпады. Қазақстандық теннисші тағы бір брейкпен сетті 6:4 есебімен аяқтады.
Бренда Фрухвиртова екінші партияда да брейк жасағанымен Рыбакина таразы басын қайта теңестіріп, өз геймін де алды. Есеп -3:2. Содан кейін ол матчты кезекті брейкпен түйіндеді. Осылайша ол екінші сетте қарсыласын 6:2 есебімен жеңді.
Бұл матч бір сағат 17 минутқа созылды. Кездесуде Елена Рыбакина 9 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жіберген жоқ. Енді ол екінші айналымда Чехияның тағы бір жас теннисшісі, болашағынан зор үміт күттіріп жүрген спортшысы әлемнің 50-ракеткасы, 18 жастағы Линда Носковамен кортқа шығады.
Ал Александр Бублик 3 сағат 20 минутқа созылған тартысты ойында рейтингте 129 орында тұрған италияндық Джулио Зеппиериге — 0:6, 6:4, 6:4, 3:6, 5:7 есебімен ұтылды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА