• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Желтоқсан батырларының жарыстары жалғасып жатыр

    Демалыс күндері Алматыдағы М.Тынышпаев атындағы  Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының  шаңырағында тамаша бір спорттық бәсеке болып өтті.

    Волейболдан Желтоқсан ардагерлері арасында өткен бұл қалалық турнир Жетісу ауданы «Желтоқсан ақиқаты» қоғамы мен Жетісу ауданы әкімшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

    Байрақты жарыс Тәуелсіздігімізге 30 жыл және Желтоқсан көтерілісіне 35 жыл толуына арналғандықтан Алматы қаласындағы ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігіне мүше қаладағы 8 ауданның ардагерлері келіп бақтарын сынады.

    Жарыстың салтанатты ашылуына арнайы келген Жетісу ауданының әкімі Гүлнәр Көкебаева Желтоқсан ардагерлеріне деген ерекше ықыласын құттықтау сөздерімен жеткізіп, қатысушыларға жеңісті ойындар тіледі. Содан кейін сөз алған ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев, осындай спорттық жарыстар Желтоқсан батырларының бірлігін нығайтып, саламатты өмір салтын ұстануыларына жол ашатынын тілге тиек ете отырып, жарысқа қатысушыларды келе жатқан 35 жылдық ұлы мерекемен шын жүректен құттықтады. Сонымен бірге, Болат Құрымбаев аудан басшысы Гүлнәр Ахметжанқызына Желтоқсан батырларына әрдайым айырықша көңіл бөліп, қолдау көрсетіп келе жатқанын елеп ескеріп, 35 жылдыққа арналып шығарылған су жаңа орденді құрметпен кеудесіне тақты. Сосын ойын алаңында екі топқа бөлінген командалар арасында кескілескен кездесулер жалғасын тапты.

    Желтоқсан ардагерлері жеңіс үшін жан аямай өнер көрсетті. Жас келді демесеңіз, ардагерлердің өте әбжіл қимыл-қозғалысы кәсіпқой спортшыларға теңдей десе болады. Әсіресе, 70-тің жетегіне жеткен желтоқсаншы, ғалым Шора Қарабаев ағамыздың алаңда қояндай ырғып, құстай ұшып жүрген жылдамдығын көріп, еріксіз қол соғасың. Сонымен қатар, Әбдірашит Бәкірұлы, Жұмабай Тәжібаев сынды алпыстың асуына шыққан Желтоқсан батырларының шебер ойындарына көз сала отырып, сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпеген екен-ау, аман болыңыздар ағалар деп отырдық. Ал, әйелдер арасында Роза Жемтықова апайымыздың әрдайым желтоқсаншылардың  қоғамда өткізген әрбір спорттық шараларынан  қалмай, белсенділікпен қолдау жасап, шапқылып жүргеніне дән риза болып, «Жарайсыз! Жасай беріңіз Роза апай!», дегенді айтсақ жарасады. Негізі, айтулы жыл желтоқсандықтар үшін тарихи маңызы зор жыл болғандықтан, іс-шара, кездесулер жиі ұйымдастырылып келеді. Әсіресе, спортттық тартысты жарыстар дәстүрге айналып барады. Иә, ұзағынан сүйіндірсін дейміз. Өйткені, Спорт – денсаулықтың кепілі, жаның сергек, ойың мығым болып жүреді. Сондықтанда биыл Желтоқсан батырлары спорт алаңдарында жиі кездесіп, бір-бірімен сырласып, достық қатынастарын нығайтуға үлкен мүмкіндіктер болып жатқанын жасыра алмаспыз. Дегенменде олардың басты арманы – мемлекеттік деңгейде мәртебе алып, түгелдей ақталу екені белгілі. «Көрінген таудың алыстығы жоқ», демекші, Алла бұйыртса ол күннің де ауылы алыс емес шығар деген сенімдеміз.

    Хош, сонымен таңазаннан тартысты басталған ойындар күн еңкейе барып мәресіне жетті. Жарыс қорытындысы бойынша, «Алатау» командасы бас жүлдені жеңіп алса, турнирдің күміс жүлдесі осы жарысты ұйымдасыра отырып, жеңіс жолында тамаша ойын өрнегін көрсете білген «Жетісу» командасына табыс етілді. Ал, жарыстың қола жүлдесіне «Әуезов» ауданының Желтоқсан ардагерлері ие болды.

    Тартысты өткен сынның соңында жеңімпаз мен жүлдегерлер құрметпен марапатталды. Сонымен қоса турнирдің үздік ойыншысы, белсенді ойыншысы, ардагер ойыншысы, белсенді жанкүйер тағы сол секілді бірталай номинация бойынша озық көрінгендерге сыйлықтар табыс етілді. Бұдан басқа осы бәсекенің жақсы өтуіне зор үлестерін қосқан Төкен Смағұлов, Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының Жетісу ауданы бойынша аумақтық бөлімінің басшысы Асылбек Сатаев, Жетісу ауданы «Желтоқсан ақиқаты» қоғамының төрайымы Нұржамал Бөгенбаева мен Алма Ахтанова  сынды  азаматтарға жиылған халық  ерекше алғыстарын білдіріп жатты.

    Иә, кішігірім  жарысты өткізудің қаншалықты ауырлығы бар екенін жақсы білеміз. Ал, қалалық турнирді сондай бір тамаша деңгейде ұйымдастырған Жетісу ауданының еңбегін ерекше атап өткен орынды болар. Сонымен, күні бойы өткен тартысты ойындардан керемет әсер алған Желтоқсан батырларына бұл күн естерінде  ұмытылмастай болып сақтап қалары сөзсіз. Өйткені, ағалар бақыттың бастау бұлағы бірлікте екенін жақсы біледі.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

    Желтоқсан ардагері

     

     

    Бір пікір

    1. Мне кажется очень полезная штука. Сейчас можно перевезти абсолютно все, так что доставка личных вещей например в этой компании https://mclogistica.ru стоит недорого.

    Жауап жазу Марк Қайтып алу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *